• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:45

Инновациялық өркендеу жолындағы өңір

30 рет
көрсетілді

Жаһандану дәуірі. Жасанды интеллект игілігі. Цифрлы Қазақстан. Озық ойлы ұлт. Инновациялық технология. Бұл тұрғыда қазыналы Қарағанды өңірінің де қадамы қарыш­ты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында әр салаға жасанды интеллектіні кеңінен енгізіп, экономиканы толық цифрландыру керектігіне тоқталды. Расымен, мұндай страгетиялық шешімнің ел дамуына қажеттілігі анық сезіліп отыр.

Қарағандыда және жақын аймақтарда көлік инфрақұрылымын цифрландыру мен қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар инновациялық жоба іске қосылды. Осындай озық бастамалар, заманауи технологиялар жол сапасын бақылау, көлік қозғалысын оңтайландыру және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Мәселен, жолдардың жай-күйін автоматты түрде бақылайтын «JoLScan» қанатқақты жүйесінің іске қосылғаны – маңызды жаңалықтардың бірі. Жүйе комьпютер арқылы бейнетіркегіштегі жазбаны талдап, жол төсеміндегі ақауларды анықтайды және оларды векторлық белгілер арқылы салыстырып, картаға түсіреді. Яғни «JoLScan» жүйесі жол­дағы проблемалық учаскелерді жедел анық­тауға және жол сапасының интерактивті кар­тасын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа жүйенің көмегімен бүгінге дейін 200 шақырымнан астам жол қамтылып, 500-ден астам ой-шұңқыр тіркелген. Сонымен қатар шұғыл жөндеу қажет бес аймақ анықталған.

«Жол қозғалысын басқару жүйесі» жобасы аясында интеллектуалды бағдаршамдар да жұмыс істеп тұр. Жүйе жол қиылыстарындағы көлік ағындарын нақты уақыт режі­мінде бақылап, қозғалыс жағ­дайына қарай бағдаршам жа­рығын автоматты түрде рет­тей­ді. Егер басқа бағытта көлік болмаса, онда көлігі көп жол­дың жасыл түсі жанып тұра береді. Осылайша, «Ақылды» бағдаршамның арқасында көлік кептелісі азайып отыр. Қазір Қарағанды қаласында 206 бағ­даршам бар, оның ішінде 10-ы интеллектуалды жүйемен жабдық­талып, маңызды деген жол қиы­лыстарына орнатылған.

Былтырдан бері Қарағанды және Теміртау қалаларында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында «Жаяу жүргіншілер өткелі» аппараттық-бағдарламалық ке­ше­ні де іске қосылды. Тәулік бойы жұмыс істейтін, озық камералармен жабдықталған кешен кез келген ауа райында көлік құралын, жаяу жүргіншіні, мемлекеттік тіркеу нөмірін және олардың қозғалыс траекториясын тану мүмкіндігіне ие. Жинақталған мәліметтер автоматты түрде өңдеу орталығына жіберіліп, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері бойынша дәлелдемелік база қалыптасады. Сонымен қатар бет әлпетті тану жүйесі де жұмыс істейді. Бұл жүйе стационарлық бақылау камераларымен және полиция қызметкерлерінің мобильді жетондарымен бірік­тірілген. Бүгінде барлығы 83 құрылғы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері осы жүйелердің көмегімен іздеудегі 268 азамат анықталып, ұсталған.

Қарағандыда қолға алынған бұл бастамалар – көлік инфра­құрылымын цифрландыру және қауіпсіздікті арттыру сала­сын­дағы елеулі қадам. Атал­ған «ақылды» жүйелер жол сапасын жақсартып қана қой­май­, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, көлік қозға­лы­сын тиімді басқаруға,  құқықбұзушылықтың алдын алуға айтарлықтай ықпалын тигізеді. Қарағанды облысында әлеуметтік салада да технология көмегімен «Азық-түлік бағасын мониторингтеу» жобасы сәтті жүзеге асып отыр.

«Мемлекет басшысы Жол­дауда жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу және жаппай цифр­ландыру міндетін қойды. Осы мақсатта өңірде халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға,  әлеуметтік тұрақтылықты қам­тамасыз етуге бағытталған бір­қатар маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр» дейді Ақпа­раттандыру, мемлекеттік қыз­мет­тер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Конс­тантин Ильницкий.

Жаңа жүйе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасын автоматты түрде анықтап, құн реттілігін талдайды. Нейрондық желі деректерді өңірдегі сауда желілерінің сайтынан жинайды. Алынған ақпарат жедел шолулар мен талдамалық есептер түрінде ұсынылады, бұл баға өзгерістерінен, жалпы нарық бағамынан хабардар болуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде жанар-жағармай бағасын автоматты жинау, бақылауға алынатын тауарлар тізімін кеңейту, сондай-ақ барлық сауда нүктесі мен тауар түрлерін қамтуға мүмкіндік беретін кас­салық чектер деректерін интеграциялау жұмысы жүргі­зіліп жатыр. Бұл нақты орташа тұтынушылық себетті қалыптастыруға жол ашады» дейді Константин Ильницкий.

«Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қалалар мен елді мекендердегі жасыл желекті түгендеуге арналған мобильді қосымша әзірленді. Мобильді қосымша мен серверлік платформа арқылы ағаштардың фотосы, координатасы, сипаттамасы тіркеліп, жасанды интеллектімен өңделеді. Бұл шешім табиғатты қорғау шараларын цифрлық деңгейге көтеріп, есеп жүргізудегі адам еңбегін қысқартады. Жобаның қорытынды есебі биыл желтоқсанда ұсынылады.

Қарағанды облысында IT-білім жүйесі жоғары деңгей­де жолға қойылған. Жетекші жоға­ры оқу орындары – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, сондай-ақ 50-ден астам колледж жыл са­йын IT бағытында шамамен 600 түлек даяр­лап шығарады. Мұнымен қоса, «Террикон алқабы» IT-хабы білім ұйымдарымен тығыз байланыс­та жұмыс жүргізіп келеді. Қазір университеттермен, колледждермен 30 меморандум жасалған, 9 оқу орнында 500-ге жуық студент­тің қатысуымен 10-нан астам іс-шара өткізілген, жасанды интеллект, бағдарламалау және цифрлық сауаттылықтан мамандандырылған дәрістер мен курстар өтіп жатыр. Бұдан студенттер теориялық білімін нақты практикалық дағдылармен ұштастыра отырып, заманауи технологиялармен ерте танысады.

2025–2026 оқу жылына арналған «TechOrda» бағ­дарламасы аясында «Terricon School» IT-мектебі 36 грант иеленді. Бұл – өңірдің IT-маман даярлау әлеуетін арттыратын маңызды қадам. Жасанды интеллект бағытындағы 10 стартап арнайы бизнес бағдарламалар әзірлеп, өз жобаларын дамытуға мүмкіндік алды. Бұл стартап­тар өңірлік экономиканы цифр­ландыруға серпін беріп, инно­вациялық кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жатыр. Ауыл жастарына да IT-білім беріледі. Ауылдардан 80-нен астам жас IT және жасанды интеллект негіздерін оқиды. Сонымен бірге IT-хаб аймағында 15-тен астам оқыту іс-шарасын өткізу жоспарланып отыр.

Қысқасы, Қарағанды облысында жасанды интеллект пен IT саласы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің инно­ва­циялық әлеуетін көтереді.

 

Қарағанды облысы