Кейбір адамдардың қан қысымы былайғы уақытта қалыпты болғанымен, дәрігерге барып өлшенгенде күрт көтеріліп кетеді. Бұл құбылысқа «ақ халат синдромы» деген атау да берілген. Мұндай кезде қысымның көтерілуі аурудың өзінен емес, дәрігерге қаралуға байланысты уайымнан туындайды.
Ал үй жағдайында бақылағанда қысым қалыпты деңгейде болуы мүмкін. Айта кетерлігі, мұның керісінше жағдайы да бар. Ол «жасырын гипертензия» деп аталады. Мұндайда адамның қысымы әдетте жоғары болып жүреді, бірақ дәрігер тексергенде қалыпты болып шығады. Яғни дәрігер қан қысымына тікелей ықпал етпейді, бірақ науқастың психологиялық күйі нәтижені өзгертіп жіберуі мүмкін.