• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Технология Бүгін, 20:43

Цифрлық дәуірдегі ұлттық медиа: қазақша контенттің әлеуеті артып келеді

20 рет
көрсетілді

Қазіргі заман – білім мен технологияның тоғысқан тұсы. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Дүниежүзінде экономиканың жаңа бағыты ретінде креативті индустрияға басымдық беріліп отырғаны тегін емес. Осындай кезеңде ұлттық цифрлық контентті дамыту – тек мәдени қажеттілік қана емес, елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен дербестігін қамтамасыз ететін стратегиялық міндет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі» деп атап өткен болатын.

Шынында да, әлемдік технологиялық үдерістерден қалып қоймау – үлкен жауапкершілік пен батыл қадамдарды талап етеді. Осы бағыттағы ірі жобалардың бір парасы ұлттық телекоммуникация операторы – «Қазақтелеком» компаниясының еншісінде. Аталған оператор отандық цифрлық платформаларды дамыту, қазақша контенттің үлесін арттыру, білім беру платформалары арқылы қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту секілді ауқымды бастамаларды қолға алып отыр.

Ұлттық IT-шешімдерді өркендету және қазақстандық контентті қолдау – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – TV+ платформасы. Ол жүздеген телеарнаны, соның ішінде спорттық, тақырыптық және білім беру арналары мен VoD контентін біріктіріп отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, TV+ жобасы Мемлекет басшысы атап өткен цифрландыру және технологиялық даму стратегиясы аясында жүзеге асуда. Жобаның басты мақсаты – халыққа отандық телеарналарға, мәдени және білім беру бағдарламаларына жоғары сапада қол жеткізуді қамтамасыз ету, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу.

TV+ артықшылықтарының қатарында барлық құрылғыларға бейімделген интерфейс, қазақ және орыс тілдеріндегі көптілді контент, интерактивті мүмкіндіктер мен ата-ана бақылауы бар.

Креативті индустриядағы басты бағыттардың бірі – қазақ тіліндегі сапалы дубляж өндірісі. Фильмдер мен мультфильмдердің, телесериалдар мен анимациялық жобалардың қазақша сөйлеуі – ұлттық құндылықтарды заманауи формада жеткізудің тиімді тетігі. Бұл қадам шетелдік туындыларды жергілікті көрерменге «ұлттық көзқарас призмасы» арқылы ұсынуға жол ашады.

TV+ осы бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Бүгінде платформада қазақ тілінде дубляждалған мультфильмдер мен фильмдердің саны артып келеді. Әсіресе, Walt Disney студиясының фильмдері қазақ тіліне аударылып, қосымша ақысыз көрерменге ұсынылуы – қазақтілді көрермен үшін үлкен олжа. Қазіргі таңда Disney-дің 60 фильмі қазақша көрсетілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 87-ге жетпек.

Бұл тек мәдени шара ғана емес, идеологиялық маңызы зор қадам. Бүгінгі балалар «Арыстан патшаны» қазақша көріп өссе, ертең өз тілін табиғи болмыста қабылдайды. TV+ өкілдерінің сөзімен айтқанда: «Біз фильм ғана көрсетпейміз, біз армандар мен құндылықтарға жол ашамыз. Әр бала өз тілінің, өз дауысының, өз болашағының маңызын сезінуі керек».

Платформа деректеріне сүйенсек, биылғы ең көп қаралған ТОП 100 туындының 44-і қазақ тілінде, олардың жалпы қаралымы 416 мыңнан асқан. Бұл қазақ тіліндегі контентке сұраныстың артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

Мемлекет басшысы күні кешегі Жолдауында: «Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс» деп атап өтті. Демек, TV+ сияқты жобалар осы саясаттың нақты көрінісі, Жаңа Қазақстанның цифрлық келбетінің айқын мысалы.

Цифрлық дәуірде тілдің дамуы экран мен медиа кеңістіктегі ықпал-әсерімен өлшенеді. Қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюі – ұрпақтың ана тілін құрметтеп қана қоймай, оны күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруының кепілі. Демек, қазақша контент болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де басты талабы болуы тиіс.