• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:53

Технологиялық әлеует әскер айбынын арттырады

20 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы Қарулы күштеріміздің әскери қызметшілері арасында зор қызығушылық пен толық қолдауға ие болды. Жеке құрам Мемлекет басшысының жаһандық технологиялық трансформациялар жағдайында ел дамуының басым бағыттары және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі цифрлық технологиялардың рөлін күшейту жөніндегі стратегиялық үндеуін ерекше ықыласпен қабылдады.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы бағдарламалық құжаттары еліміздегі ахуалға әділ баға беріп қана қоймай, алдағы мақсат-міндеттерді де нақты белгілеп отырады. Биыл­ғы Жолдаудың ерекшелігі жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, барлық салаға цифрлық трансформацияны енгізу, сондай-ақ энергетика саласын дамыту, оның ішінде еліміздің энер­­­ге­тикалық қауіпсіздігі мен технологиялық өрлеуінің негізгі тетігі ретінде атом электр стансаларын салу мәселесіне баса назар аударылуын­­да болып отыр.

Президент атап өткендей, жасанды интеллект пен цифр­ландыру ел экономикасын іл­герілететін қозғаушы күшке, басқару сапасын арттыратын құралға әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сенімді те­тігіне айналуға тиіс. Мемлекет басшысы ин­новациялық технологияларды өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау және қорғаныс салаларына енгі­зудің маңыздылығын атай оты­рып, еліміздің жаһандық техно­ло­гиялық үдерістердің бел­сен­ді қатысушысына айналуы қажет­тігін қадап айтты.

Осы орайда Қарулы күштер үшін тың мүмкіндіктер мен жаңа көкжиектер ашылып жатыр. Армия қазіргі заманғы цифрлық шешімдерді енгізу арқылы басқару жүйелерін автоматтандыру мен цифрландыру бағытын дәйекті жүзеге асырып келеді. Қорғаныс ми­нистрлігі құрылымында жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған арнайы басқарма құрылып, «Сарбаз+» қанатқақты жобасы іске қосылды, сондай-ақ цифрлық әскери комиссариат жүйесі енгізілді.

Бүгінде мониторинг, байланыс және навигация жүйелері белсенді дамып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану ауқымы кеңейіп келеді. Жасанды интеллект алгоритмдерін жауынгерлік іс-қимылдарды жоспарлау мен басқару үдерістеріне ендіру бо­йынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы маңызды қадамның бірі Қарағанды облы­сын­дағы «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық-2025» оқу-жаттығу­лары барысында Әуе қорғанысы күштерін басқарудың автомат­тандырылған жүйесінің алғаш рет сынақтан өтуі болды. Бұл – қорғаныс архитектурасын жаң­ғырту жолындағы айрықша бетбұрыс.

Мемлекет басшысының 1 тамызда Қорғаныс министрін қабылдау барысында берген нақты тапсырмалары мен нұсқау­лары Жолдауда көте­рілген мәсе­­лелермен тіке­лей үнде­сіп жатқанын айта кету керек. Осы тапсырмалар шең­берінде Қорғаныс ми­нистрлігі әскердің ұтқырлығын және олардың қауіп-қатерге жедел ден қою қабілетін арттыру, Әуе шабуылына қар­сы қор­ға­­ныс әскерлерін, аумақ­тық бө­лім­­­шелер мен ҰҰА құра­мала­рын дамыту, цифр­лық транс­фор­мация талапта­рын еске­ре отырып, әскери инфра­құры­лымды жаңғырту, мем­лекет­тік қорғаныс тапсыры­сы­ның теті­гін жетілдіру, әскери қыз­мет­тің қауіпсіздігін арттыру және жарақаттанудың алдын алу, сон­дай-ақ қазіргі заманғы технологиялар негізінде Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін нығайту жөніндегі шараларды іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Аталған басымдықтарды орындау – еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсізді­гін қамтамасыз етудегі стратегия­­лық маңызды міндет. Инновация­лық шешімдерді енгізу, ғылы­ми-техникалық әлеуетті дамыту және білікті мамандар даярлау Қарулы күштердің XXI ғасыр­дың сын-қатерлеріне лайық жауап беруіне және мемлекет тірегі ретіндегі рөлін нығайтуына кепіл болмақ.

Президент Жолдауы – барша қоғам үшін маңызды бағдар. Ал армия үшін бұл құжатты одан әрі жаңғыруға, қорғаныс қуатын арттыруға және цифрлық технологиялар арқылы тиімділікті жаңа деңгейге көтеруге бағыт­талған нақты әрекет жоспары деп білеміз. Біз, әскери қыз­мет­шілер, Мемлекет басшысы ұсынған бағыттың толығымен жүзеге асатынына сенімдіміз. Қарулы күштер алдағы уақытта да инновациялар мен жоғары жауынгерлік дайындық стандарттарына сүйене отырып, алға баса бермек.

 

Дәурен ҚОСАНОВ,

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты