• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 08:43

Транзиттік тасымал көрсеткіші

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын­да еліміздің саяси-эко­номикалық даму бағыты айқын­далды. Оның басты екі арқауы бар: бірі – инвестицияны өндіріс сала­­­­­сына тарту, екіншісі – тран­зиттік-логистикалық әлеует­ті тиім­ді пай­далану. Соңғысы – қазіргі кезеңде айрықша өзекті.

Жолдауда көлік-логистика жүйе­сін дамытудың маңызы аталып өтті. Президенттің айтуынша, өткен жылы еліміздің аумағы арқылы жүк тасымалының көле­мі 1 млрд тоннадан асты. Бұл – Қазақстанның транзиттік әлеуетін айқын көрсететін көр­сеткіш.

Мемлекет басшысы Транс­кас­пий халықаралық көлік бағытын дамытудың қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жаңа инвестиция­лар тартылып, инфрақұрылым жақсарып, сапалы жұмыс орындары ашылуы қажет. Президент өңірлердің көлік байланысын ны­ғай­туға, еліміздің ірі транзиттік аймақ ретіндегі мүм­кін­дік­терін то­лық пай­далануға ерекше мән берді.

Әлемдік нарыққа шығу мәсе­лесінде де нақты мысалдар кел­ті­рілді. Мәселен, жуырда Қы­тай­дың Ляньюньган порты арқылы қазақстандық бидай Вьетнамға жөнелтілді. Сондай-ақ Ауғанстан аумағындағы «Тургунди – Герат» теміржолын салу арқылы Пәкістан нарығына шығу көзделіп отыр. Ал «Шығыс – Батыс» бағыты бо­­йынша ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір­жолының екінші желісі іске қосылмақ. Бұл – қарқынды ілгері­леудің айқын дәлелі.

Үкімет тарапынан «Бақты – Аягөз», «Қызылжар – Мойынты» жоба­ларын жеделдетіп қолға алу жоспары жарияланды. Бұл шара­лар еліміздегі теміржол жүйе­сінің толыққанды қаңқасын қалып­тас­ты­ру­ға мүмкіндік бере­ді. Алайда көлік саласында озық елдер қа­­­­­та­­­­ры­на қо­сылу үшін цифрландыру мен жасанды интел­лектіні кеңінен қолдану қажет­тігі де баса айтылды.

Жолдауда әлеуметтік-эконо­ми­­калық мәселе­­лермен қатар, саяси рефор­­­ма­лар­дың жалғасын таба­­­­тынына назар аударылды. Атап айтқан­да, 2027 жылдан бас­тап Қа­зақ­стан бір палаталы Пар­ла­мент­­­ке көш­пек. Бұл – Конс­титу­ция­­­лық ауқымдағы өзгеріс. Ендігі жерде аймақтық мүдделер мен этнос­ара­лық қарым-қатынас­тар­ды рет­­теу, азаматтық қоғамның пікі­рін біл­діру және заң шығару үде­рісі Мәжілісте  шо­­ғыр­­­ла­на­ды.

Президенттің айтуынша, аза­мат­тардың құқықтары мен мүд­делері ең жоғары құндылық ретінде қаралады. Барлық шешім, пікір­талас пен саяси талқы Мәжілістің алаңында өрбімек. Бұл – елдің демократиялық дамуы жолындағы үлкен жауапкершіліктің белгісі. Жолдауда көтерілген бастамалар қоғам үшін маңызды әрі уақыт талабына сай.

 

Мақсат ЖАҚАУ,

саясаттанушы