Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі Санкт-Петербург пен Мәскеуде өткен беделі биік халықаралық цирк фестивальдерінде қос бірдей абыройлы жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдымен 11–14 қыркүйек аралығында Санкт-Петербургтегі әйгілі Чинизелли цирк аренасында өткен «Без границ» IV Халықаралық цирк өнері фестиваліне 20 елден 170-тен астам әртіс қатысқанын айта кету керек.Фестивальде өнер көрсеткен Қазақ мемлекеттік циркінің Әділет Тиканов жетекшілік ететін «Хассак» тобы қалың көрермен мен халықаралық қазылар алқасын тәнті етті.
Қателесуді кешірмейтін өнер жолында жүрген отандастарымыз 180 кг тартатын үш адамды маңдайымен көтеріп, көпірлі баспалдақпен алып өтетін эквилибр трюгімен жұртты таң қалдырды. Цирк майталмандары қайталай алмай отырған осынау трюктің әлі күнге дейін дүниежүзінде баламасы жоқ және ол Almaty Circus Festival-де ресми рекорд ретінде тіркелген. Сондықтан «Хассак» тобы алтын жүлдені даусыз жеңіп алды. Сонымен қатар, Қазақстан циркі үшін тағы бір мәртебелі оқиға – Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Маратбекұлы аталмыш фестивальде халықаралық қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылып, еліміздің цирк өнерінің кәсіби өкілі ретінде мойындалғаны.
Сол күндері Мәскеуде, Цветной бульвардағы Н.Никулин атындағы циркте тағы бір маңызды шара – «АРТИСТ» III Халықаралық цирк фестивалі өтті. Оған әлемнің 18 елінен үздік өнерпаздар қатысты. Қазақстан атынан Алматы циркінің әртісі Таисия Демидова өнер көрсетті. Оның есімі әлемдік сахналарда кеңінен танымал. Таисияның қоржынында Монте-Карлодағы халықаралық фестивальдің алтын медалі, «Идол» фестивалінің Бас жүлдесі сынды басқа да беделді марапаттар бар.Мәскеуде өткен фестивальде Таисия тағы да жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеп, қола жүлдеге ие болды. Бұл жеңіс - оның отандық цирк өнеріндегі орнын бекемдей түсі десек те болады.
Ал байырғы Қазақ мемлекеттік циркі – еліміздің мәдени саласындағы бетке ұстар ұжымдардың бірі. Цирк әртістерінің халықаралық байқаулардағы табысы – Қазақстан цирк өнерінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, әрі қазақстандық цирк мектебінің әлем сахнасында лайықты орын алатынын айқындайды.