Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызы зор «Сексеуіл – Бейнеу» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Аталған магистралдың құрылысы Қытайдан Еуропаға біздің елдің аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын шамамен үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Каспий теңізіне тікелей қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұндай қадам еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір нығайтып, теңіз порттары арқылы жүк айналымын ұлғайтады, халықаралық логистикалық тізбектердегі стратегиялық буын ретіндегі рөлімізді күшейтеді. Бұдан бөлек, жоба еліміздің батыс аймақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін бермек. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, шағын және орта бизнестің өркендеуі, туризм саласының әлеуетін кеңейтуге жағдай жасайды.
Жалпы, республика бойынша 13 мың шақырымнан астам тасжол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар шекара инфрақұрылымын да жаңғырту қолға алынды. Биыл 8 өткізу бекеті толық іске қосылады, ал келесі үш жыл ішінде тағы 34 бекет қайта жаңартылады. Нәтижесінде, өткізу қабілеті артып, азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасы айтарлықтай жақсарады.
Төлеген Абдуллин,
Көлік министрлігі
Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы