Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елінде діни алауыздық, экстремизм мен радикализм салдарынан қоғамда тұрақсыздық туындап отыр. Мұндай жағдайда әрбір мемлекеттің ең басты мақсаты – ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтау. Осы тұрғыдан алғанда, діни тұрақтылық – мемлекеттің тұтастығы мен өркендеуінің негізгі шарты.
Діни тұрақтылық – қоғамдағы әртүрлі діни сенім өкілдерінің өзара сыйластықта, бейбіт өмір сүруі, діни негіздегі қақтығыстардың, алауыздық пен араздықтың болмауы. Бұл ұғым дінаралық келісімді, діни сауаттылықты және мемлекет пен дін арасындағы тепе-теңдікті білдіреді. Қоғамда бірлік пен келісім орнаса, ел ішінде бөлінушілік пен кикілжің болмайды. Діни алауыздық – кез келген мемлекеттің тұтастығына төнетін үлкен қауіп. Сондықтан діни тұрақтылық – елдің біртұтастығын сақтаудың маңызды факторы. Қоғам тыныштығы – дамудың алғышарты. Ел ішінде бейбіт өмір мен келісім болса, экономика өсіп, білім мен мәдениет дамиды. Ішкі тұрақтылық – шетелдік инвестиция мен халықаралық сенімнің негізі. Жастарды теріс ағымдардан қорғау үшін радикалды ұйымдар қызметінің алдын алу маңызды. Діни сауаттылық пен дұрыс тәрбие жастарды жат ағымдарға кетуден қорғайды.
Әлеуметтік әділеттілік пен толеранттылық – басты ұстанымымыз. Түрлі дін өкілдерінің тең құқықта өмір сүруі қоғамда әділетті нығайтып, өзара сыйластықты арттырады. Бұл – көпэтносты елдер үшін үлкен жетістік. Бұл тұрғыда еліміз әлемге діни келісім мен бейбітшілік үлгісін көрсетіп отыр. Түрлі дін мен ұлт өкілдері өзара татулықта өмір сүріп келеді. Бұның бір жарқын дәлелі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі еліміздің бейбітсүйгіш саясатын әйгіледі. Бұл форум алғаш рет 2003 жылы Астана қаласында ұйымдастырылып, содан бері әр үш жыл сайын тұрақты түрде өтіп келеді. Осындай жаһандық деңгейдегі діни және рухани көшбасшылардың басын қосу еліміздің ынтымақшыл, келісім орнатушы мемлекет екенін көрсетеді. Әрі халықаралық аренадағы беделімізді арттырады.
Съездің өтуі қазақ қоғамында діни және этностық келісімнің қалыптасқанын дәлелдейді. Мемлекет тұрғындары түрлі дінді ұстанғанымен, бейбіт қатынас пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Бұл қоғам ішіндегі рухани тұрақтылықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне және ұлттық бірлікті сақтауға оң ықпал етеді. Күн тәртібінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – діни экстремизм мен радикализмге қарсы күрес. Әлемдік дін көшбасшылары бұл тақырыпта өз үндеулерін жариялап, адамзатты бейбіт өмірге, төзімділікке шақырады. Бұл елімізге ғана емес, бүкіл әлемге тыныштық пен қауіпсіздікті нығайтудың жолын ұсынады.
Осындай үлкен іс-шара барысында шетелден келген көптеген делегация, БАҚ өкілдері мен қонақтар елдің мәдениетін, тарихын, діни татулығын көреді. Бұл Қазақ елінің туристік тартымдылығын арттырып, әлемге ашық ел екенін дәлелдейді. Діни қауымдар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға үлес қосады. Діндер арасындағы ортақ құндылықтарды алға шығару арқылы адамдар арасында төзімділік пен диалог мәдениеті қалыптасады. Бұл бүгінгі жаһандық саяси жағдайға байланысты аса қажет қасиеттің бірі. Ұлттық мүддеге де, әлемдік қауіпсіздікке де қызмет ететін маңызды тарихи бастама.
Рүстем САБЫРЖАНҰЛЫ,
Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы