• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:45

Заманауи кітапхана «Түнде кітап оқуға кім келеді?» дегендер қателеседі»

20 рет
көрсетілді

Алматы кітапханалары үлкен өзгерістерді бастап жіберді. Бұрын бұл «патшалықтың» мүлгіген тыныштығын парақталған беттердің сыбдыры ғана бұзса, қазіргі кітапхалар – тәулік бойы жұмыс істейтін, шығармашылық шабыт беретін, цифрлық сервиспен қамтамасыз етілген өркениеттің бір бөлшегі. Сонымен замана өзгерістері мен озық технологиялар кітапханаларға деген көзқарасты қалай өзгерткені туралы Алматы қалалық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры Мейрам Бектембаевтан білдік.

– Көзі ашық адамдар біледі, ендігі жерде кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес. Біз «үнсіздік пен бақылау» қалыбынан бас тартып, ашық мәдени экожүйе құруға бағыт алдық. Ісімізді ілгерілетуде Алматы қалалық Мәдениет басқармасы да шешуші рөл атқа­рып отыр. Тек идеялық тұрғыда ғана емес, нақты ресурстар жағынан да қолдау таптық. Қар­жыландыру артты, ғима­­рат­­­­тар жаңар­тылды, жаңа жабдық­тар алынып, штат кеңейді. Ең бастысы – біздің үнімізді Үкімет естіді.

– Өзгерістер өздігінен жүрмейтіні белгілі ғой?

– Ойыңызды түсіндім. Бұрнағы жылы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін кітап­ханалар құру туралы бастама көтер­­генін білесіздер. Бірінші кезекте бұл ұсыныс Алматы сияқты үлкен шаһарда іске асты. Біз Президенттің үндеуін бағдар ретінде қабылдап, өзімізге сұрақ қойдық: «Қазіргі адамға кітапханадан не қажет?». Жауап бірден табыла қойған жоқ. Деген­­мен бір нәрсе айқын болды: адамдар үшін қол­жетімділік маңызды – уақыт жағынан да, формат пен тіл жағынан да, құрылым тұрғысынан да. Осылайша 24/7 кітапхана тұжырымы дүниеге келді. Сөйтіп, елде алғашқылардың бірі болып үш филиалды – Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, №4 кітапхана және «Alatau Creative Hub»-ты іске қостық. Әуелде «Түнде кім кітап оқиды?» деп күмән­данғандар болды. Дегенмен, алғаш­қы айлардың өзінде келушілер саны 70%-ға артып, кітапханалар қоғамның өмірлік ырға­­ғымен үйлесе бастады. Мысалы, Жамбыл атындағы кітапханаға түнгі уақыт­та 150-ден астам адам келеді. Оған қоса мұнда кинокөрсетілімдер, кітап тұсау­кесер­лері, дебаттар мен түрлі клубтар өтеді.

– Айтқандай, «Alatau Creative Hub» фор­ма­тына толығырақ тоқтала кет­сеңіз.

– «Alatau Creative Hub» – басқа формат­тағы кітапхана. Бір сөзбен айтқан­да, шығармашылық хаб, мәдени орталық пен цифрлық платформаның тоғысы. Мұнда көрмелер, ашық дәрістер, театр репетициялары, бағдарламалау мен графикалық дизайн курстары, әдеби кештер өтетін жазғы алаң бар. Бір кеңістікте суретші де, жазушы да, музыкант та, оқушы мен зейнеткер де, тіпті стартапер де кездеседі. Мұнда кітап алып қана қоймай, подкаст жазып, сахналық өнер бойынша шеберлік сабағына қатысуға болады. Бұл – XXI ғасырдың жаңа үлгідегі кітапханасы.

– Бұл кітапханалар тағы несімен ерекшеленеді?

– Өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған автономды кітапханаларды іске қостық. «Ақылды» стансалар арқылы қала тұр­ғындары кітапханаға кірмей-ақ кітап алып, қайтара алады. Қазір Алматыдағы метро стансаларында, сауда және қауымдастық орталықтарында осындай 24 нүкте бар. Барлығы қарапайым әрі түсінікті: оқырман билетін тақап, қажетті кітапты таңдап алып оқи береді. Мегаполис үшін бұл – таптырмас тәсіл: уақыт үнемделеді, оқу – күнделікті өмір­дің бөлігіне айналады.

– Цифрлық портал туралы айта кетсеңіз. Бұл қандай жүйе?

– Біз almatylibrary.kz порталын іске қостық. Бұл тек сайт емес, бүкіл цифрлық инфрақұрылымның өзегі. Платформа Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 28 бөлімшесін, электронды каталогті, оқырманның жеке кабинетін, кітап брондау қызметін, іс-шаралар күнтізбесін, сондай-ақ цифрланған кітаптар мен анықтамалық базаларға қолжетімділікті біріктіреді. 2025 жылдың шілдесіне қарай қорымызда 23 мыңнан астам цифрлық кітап жиналды. Онда классикадан бастап ғылыми әдебиетке дейін бар. Қордың 40%-дан астамы цифрланған және бұл үдеріс әрі қарай жалғасады. Ең маңыздысы – бұл заманауи өнімді өзіміздің кітапханашылар, ІТ маман­дары мен дизайнерлер бірлесе атқарып отыр.

– Демек бүгінгі кітапханашы – белгілі бір деңгейде ІТ маманы да болғаны жөн бе?

– Дұрыс айтасың. Қазіргі кітапханашы – білім медиаторы. Ол цифрлық жүйелерді еркін меңгеріп, адамдарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін маман болуға тиіс. Біз кадрларды үнемі оқытып, дамытамыз. Бірі цифрлық сауаттылық курстарын оқыса, енді бірі Оңтүстік Корея, Финляндия, Түркия секілді елдерде тағылымдамадан өтеді.

– Мемлекеттің ешқашан айналып өтпейтін бір мәселесі – мүгедек жан­дар­дың оқып, білім алуына жағ­дай жасау емес пе?

– Әлбетте, инклюзия тақырыбына ерекше мән береміз. Жеті бөлімшені көру қабілеті төмен және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы техникамен жабдықтадық. Брайль дисплейлері, дауыс ассистенттері, электронды үлкейт­­кіштер, арнайы бағдарламалар орна­тыл­ған. Ең бастысы, техника емес, көз­қарас. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа қабылдаймыз. Олар тәлімгер ретінде оқырмандарға көмек көр­сетеді. Сондай-ақ «Yandex Qazaqstan» серік­тестігімен бірлесе мүгедектігі бар азаматтарға кітапты тегін жеткізу қыз­метін жүйелі сервис ретінде іске қостық.

– Жастар кітапханаларға бармайды деген түсінікті қалай жоққа шығаруға болар еді?

– Жастар – ерекше аудитория. Оларға өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашатын алаңдар берілген. Кітапханаларда қызы­­ғу­шылық клубтары, гейм-дизайн, цифр­лық графика, сценарий жазу секция­лары жұмыс істейді. Шығармашылық бай­қаулардың рөлі де зор. Мысалы, Ұлттық кітап күні аясында дәстүрлі «Алма­тының жас жазушысы – 2025» бай­қауының жеңімпаздары марапатталды. 15–17 жас аралығындағы 170-тен астам оқушы фэнтези жанрында әңгіме жазып, Сапарғали Бегалин шығар­маларынан шабыт алған. Жастар кітап оқып қана қоймай, өздері де жаза алатынын көрсетті. Сонымен қатар гума­­­ни­тарлық факультет студенттері үшін тағы­лым­дамадан өту бағдарламасы жұмыс істейді. Олар кітапханаларда тәжірибеден өтіп, қоғаммен жұмыс істеу дағдыларын, іс-шара жүргізуді үйренеді. Бүгінде 23 жоға­ры оқу орнының түлектері бізде жұмыс істейді.

– Алматы кітапханаларының халықаралық қауымдастықтағы беде­лі қандай?

– Біз Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының (IFLA) мүшесіміз, Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Әзербайжан, Финляндия, Германия кітап­ханаларымен келісімдерге қол қой­дық. Қытай және түрік мәдени орталықтарын аштық. Өзім Open World бағдар­ламасы аясында АҚШ-та Конгресс кітапханасында тағылымдамадан өттім. Бұл тек кәсіби тәжірибе алмасу емес, Қазақстанның жаһандық кітапханалық қозғалыстың бір бөлігі екенін дәлелдейді.

– Жалпы, кітапханашылар әлеу­меттік жағынан қорғалған ба?

– Біз кадрларға инвестиция салып отырғандықтан, олардың мұң-мұқтажын айналып өте алмаймыз. Қазір бізде 470-тен астам қызметкер бар. 2023–2025 жылдары 76 маманды Сеул, Лозанна, Стокгольм, Таллин қалаларына оқуға, тағылымдамадан өтуге жібердік. 12 жас кітапханашы басшылық лауазымға көтерілді. Оған қоса 33 қызметкеріміз «Алматы жастары» бағдарламасы бо­йын­­­ша баспаналы болды. Мансап жолында өсу­леріне жағдай жасаймыз.

– Көне кітаптарды сақтау мен қал­пы­на келтіру ісі қандай жолға қойыл­ған?

– Реставрациялау ісі – күрделі де өзекті әрі жеке тақырып. №6 кітапхана-бөлім­шесінде қолмен кітапты қалпына кел­тіру шеберханасы жұмыс істейді. Бұл – шеберлік пен төзімді талап ететін, шынайы зергерлік жұмыс. Талай жәдігер кітаптар қалпына келтірілді. Диккенс, Харди, Толстой, Абай, Жамбыл, Пушкин, Марк Твеннің сирек кітаптары бар. Қазіргі таңда Қазақстанда да, Орталық Азияның бірқатар елдерінде де қағазға басылған құнды және сирек кітаптарды қалпына келтіретін заманауи зертханалар аз. Сондықтан біздің кітапханалар ТМД-дағы сирек және раритет кітаптар мен құжаттарды қалпына келтірудің жетекші орталығына айналу мүмкіндігіне ие.

– Қазір кітапханалардың басты мәселесі қандай?

– Қалай десек те, кадр мәселесі өзектілігін жоймайды. Бұл бір. Екіншісі – технология: жабдықты үнемі жаңартып, жасанды интеллект пен метавселендермен қатар қадам басу қажет. Үшінші – цифрлық кеңістіктегі пираттық пен авторлық құқықты қорғау. Төртіншісі – жұрт әлі де «кітапхана – тыныштық пен сөрелер орны» деп ойлайды. Ал біз: «Жоқ, кітапхана – өзіндік өмірі бар орта» дейміз. Бірақ нәтиже бар: кітапхананы ұмыт­қандар қайта оралып жатыр.

Қиындыққа қарамастан, 2027 жылға дейін біз қорды толық цифр­ландыруды аяқтаймыз, барлық мектептер мен ЖОО-ларды қосамыз, жаңа кітапханалар ашамыз, мобилді қосымша мен дауыс көмекшісін енгіземіз, «Almaty-Library» бірыңғай цифрлық порталын құрамыз, Инклюзия орталығы мен Ғылыми-зерттеу блогін саламыз деп отырмыз.

– Көзделген мақсаттарыңыз жүзеге ассын! Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ