• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:07

Палатаның маңызды бағыттары айқындалды

30 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру барысын талқылады. Сондай-ақ инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері туралы заңды қарады.

Маңызды заңдар қабылданады

Отырыс кезінде Жолдауда белгілен­ген басымдықтарға мән беріліп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бо­йынша палата жұмысының маңызды бағыттары айқындалды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жасанды интеллектінің рөліне ерекше көңіл бөлді. Осыған орай, маңызды стратегиялық бағыттар бойынша іске асырылатын нақты шаралар айқындалды. Мемлекет басшысы еліміз үш жыл ішінде жаппай цифр­лы мемлекетке айналуға тиіс деп нақты мақсат қойды. Мұндай қадам еліміздің барлық сектордағы әлеуетін айтарлықтай арттырып, экономика мен әлеуметтік саланы сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашады, –деді Сенат төрағасы.

М.Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін алдағы уақытта барлық деңгейдегі депутат­тар сарапшылармен бірлесіп, тиісті заңдарды уақтылы әзірлеуге және қабыл­дауға айрықша назар аударуға тиіс деп атап өтті. Олардың қатарында Банк­тер туралы заң, Цифрлық және Құрылыс кодекс­тері, Алатау қаласының ерекше мәр­тебесі туралы заң бар. Сондай-ақ «Мем­лекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту, пар­ламенттік реформаны жүзеге асыру, ин­вес­тициялар тарту жүйесін жаңғыр­ту және басқа да стратегиялық бағыттар­ды дамытуға қатысты жұмыс барысы сөз болды.

– Қысқа мерзімде Цифрлық кодексті қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ Банктер туралы заң мен Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе беретін заңды да қабылдауымыз керек. Жыл соңына дейін жаңа Құрылыс кодексін қабылдап, «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңартуымыз қажет, – деді Сенат төрағасы. Оның айтуынша, парламенттік реформа – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру және демократиялық институттар мен тетіктерді нығайту жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы.

Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне иннова­циялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемле­кеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады.

– Қаралған заң еліміздегі инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін және мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Түзетулер аясында бірыңғай инновациялық кластер құру көзделіп отыр. Осыған байланысты «Astana Hub» пен «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорын біріктіру және олардың қатысушылары үшін бірыңғай құқықтық орта құру қарастырылды. Құжатта иннова­циялық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға қажетті өзге де шаралар қамтылған. Заңның қабылдануы отандық инновациялық саланың дамуына және ел экономикасының ілгерілеуіне тың серпін береді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Нақты айтқанда, осы заңның нормаларына сәйкес қайталанатын функцияларды болдырмау және одан әрі бюрократиядан арылту үшін Үкімет жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңесті тарату жөнінде түзетулер енгізіліп, оның бірқатар функциясы Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия­сына беріледі. Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодекс­ке түзетулер енгізіліп, осындай вен­чур­лік қорлар активтерінің (бүкіл порт­фелі­нің) кірістілігі (залалдылығы) нег­ізінде венчурлік қорларды қоса қар­жы­ландыру жөніндегі инновациялық қыз­метті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және іске асыру тиімділігін бағалауды жүзеге асыруға қатысты норма қарастырылған.

Бұған қоса палата отырысында сена­тор­­лар Мемлекет басшысының Жолдауын­да айтылған бастамаларды іске асыруға ар­нал­ған депутаттық сауалдарын жолдады.

 

ӘКК қызметі талапқа сай емес

Сенатор Жанболат Жөргенбаев өңір­лерде қайта өңдеу кәсіпорындарының жетіспейтінін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақ­тандыру қажеттігін айтты.

– Өкінішке қарай бұл бағыттарда нақты нәтижелі іс-шара қабылданбай отыр, ал корпорациялар мұндай жобалардан бас тартуға бейім. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) қыз­метінің функционалдық бағыты талапқа сай болмай тұр, – деді сенатор.

Оның айтуынша, әкімдер мен ӘКК арасындағы әлсіз үйлестіру, функцио­нал­дық жүктеменің шамадан тыс көптігі және ашықтықтың жеткіліксіздігі мәселені одан әрі қиындатып отыр. Бұған қоса Ұлт­тық экономика министрлігінің бағалар­ды тұрақтандыру функциясын ӘКК құзы­ретінен алып тастау жоспарлары сена­тордың алаңдаушылығын тудырды, себебі бұның салдары тиімсіз болуы мүмкін.

Ж.Жөргенбаев Үкіметке ӘКК міндет­терін нақты ажыратуды, бақылау мен есептілікті күшейтуді, жергілікті бизнеспен байланыс орнатуды, әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беруді және бағаны тұрақтандыруға арналған қаржы құралдарын жетілдіруді ұсынды.

– Аталған корпорациялардың институ­цио­налдық мәртебесін нақтылап, олардың қызметін заңнамалық тұрғыдан жүйелеу қажет. Сондай-ақ өңірлік даму стратегия­ларымен өзара үйлестіру қажет. Осыған орай, біріншіден, корпорациялардың функ­ционалдық жүктемесін қайта қарас­тырып, олардың міндеттері мен жауап­кершілігін нақты ажырату керек. Екін­шіден, қызметінде ашықтықты қамтама­сыз ету қажет, яғни қаржылық және шаруашылық қызметін ашық ету үшін мемлекет тарапынан бақылау мен есеп беру жүйесін енгізген жөн, – деді депутат.

Ол сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жергілікті кәсіпкер­лермен тікелей байланыс орнатуын күшейту қажеттігін, әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беріп, бағаны тұрақтандыруға арналған құралдарды жетілдіру, яғни қаржылық құралдарды тиімді пайдалану керектігін айтты.

 

Жастардың жалақысын көбейту қажет

Ал сенатор Бибігүл Аққожина жас мамандардың айлығы шығындарын төлеуге жетпейтінін айтып, Үкіметке «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына қатысу­шы­лардың жалақысын көтеруді ұсынды.

Сенатордың айтуынша, бұл бағдар­ламалар бойынша 2022 жылдан бері төлем мөлшері өзгермеген, 30 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте қатысушыларға «қолға түсетін» төлемнің нақты мөлшері – 90 511 теңге. Ал осы кезеңде азық-түлік, көлік және тұрғын үй шығындары ондаған пайызға өсті.

– Жастар, әсіресе әлеуметтік осал санаттағы және ата-анасының қолдауы жоқ түлектер қазіргі төлеммен тұрғын үй мен тамақтану шығындарын жаба алмайды. Нәтижесінде, көптеген адам аталған бағдарламаларға қатысудан бас тартып, бейресми жұмыс іздеуге мәжбүр, – деді Б.Аққожина.

Депутат сонымен қатар төмен жалақы мемлекеттік жастар саясатының мақсатына қайшы келетінін ескертті. Ол жас мамандарды еңбек нарығына тартуға және олардың кәсіби қалыптасуын қамтамасыз етуге тиіс. Мәселен, өткен жылы 9 600 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналас­тырылды, оның ішінде 4 200 адам жобаны аяқтады. Аяқтағаннан кейін тұрақ­ты жұмысқа 2 200 адам орналасты­рыл­ды. Жастар практикасы бойын­ша көрсеткіштер сәл жоғары: 33 мың қатысу­шыдан 12 600 адам аяқтап, 7 400 адам тұрақты жұмысқа орналасты.