• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ Бүгін, 09:02

Парламенттік реформа – заман талабы

40 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы басынан аяғына дейін мемлекет дамуының іргетасы ретінде инновацияларды, цифрландыру және жасанды интеллектіні жетілдіру міндетін алға қойып отыр. Бұл бәсекеге қабілетті ел үшін мемлекеттік басқарудың заманауи технологиялық жүйесін құруға жол ашатыны анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ірі инвестицияларды тарту және ол үшін жаңа инвестициялық циклды бастау қажет екенін айтты. Экономи­калық реформаларды іске асыру барысында тек мемлекеттік бюд­жет қаражатын емес, ауқым­ды және жеке инвестицияларды тарту қажет. Мысалы, жо­ғары технологиялық жобалар­ды іске асыру үшін екінші деңгей­дегі банктердің, ұлттық қордың қаражаттарын пайдалану, соны­мен қатар отандық және халық­ара­лық инвестициялардың мүм­кін­дігін қолдану ұтымды болмақ.

Президент ауыл шаруашы­лығы саласына да аса назар аударды. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы секторына қомақты қаражат бөлініп келгенін, 2025 жылы ғана шаруаларды қолдауға 1 трлн теңге жұмсалып отырғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласын озық агроэкономикаға жеткізу үшін Мемлекет басшысы ішкі өндірісті дамытумен бірге, дәстүрлі ұлттық өнімдерді сыртқы нарыққа белсенді түрде шығаруды ұсынды. Ол үшін логистиканы, ветеринарлық және фитосанитарлық нормаларды, сондай-ақ маркетингтік стратегияны ескере отырып, аграрлық экспорттың нақты жоспарын да­йындауды тапсырды.

Президент жасанды интеллект дәуірінде цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды да назардан тыс қалдырған жоқ. Ол қазірдің өзінде космомониторинг пен геоаналитика ауыл шаруашылығындағы пайда­ланыл­маған жерлерді анықтауға және оларды айналымға қай­таруға көмектесіп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерінің спутниктік мониторингінің тиімділігін арттыруда, оның негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне, жер сапасына, жай-күйіне және құнарлығына терең талдау жүргізуді, сонымен қатар су ресурстарына да цифрлық жаңғыру жұмыстарын енгізуді тапсырды.

Жолдауда көрсетілген ауқымды реформаларды іске асыру үшін алдағы уақытта үлкен жұмыс күтіп отырғаны белгілі. Сенат Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған барлық саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге барынша үлес қосып келеді. Осы жолы да Сенаттың депутаттық корпусы Жолдаудағы маңызды мақсаттар мен міндеттерді, оның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мен жалпы цифрландырудың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру мәселесінде мамандармен бірлесіп кешенді сараптамалық, эксперттік жұмыс­тарды бастауға және шетелдік тәжірибені жан-жақты зерделеп, белсенді жұмыс атқаруға әлеуеті жетеді.

Өкінішке қарай Жолдау­дағы маңызды әлеуметтік, экономи­калық бастамаларды тасада қалдырып, бір-екі мәселені ғана қоғам талқысына тастап, елдің санасын саясаттандырғысы, сол арқылы ұпай жинағысы келетін әрекеттер де байқалып қалады. Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде ғана емес, телеарналарда да Парламент реформасы, Сенаттың қысқаруы туралы сұхбаттар көп беріліп жатыр. Таңғаларлығы, бұдан басқа айтатын тақырып жоқ сияқты. Президенттің жылына бір рет жарияланатын Жолдауында қаншама маңызды, тарихи мәселе көтерілді.

Қазіргі әлемдегі саяси тұрақ­сыз­дық пен экономикалық дағдарыс­тың кезеңінде мем­ле­кеті­міздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуының негізгі бағыттары туралы мағыналы мәселелер көтеріліп жатқанда, бір Сенаттың төңірегіндегі әңгімелердің ғана қызық болып тұрғаны түсініксіз.

Екі палаталы Парламент тарихында Сенат үлкен рөл атқарып келеді. Оны Президенттің өзі де айтты. Осы уақытқа дейін Мәжі­ліс пен Сенат бірін-бірі толықты­рып жұмыс істеді. Парла­мент тарихында Мәжіліс тарап, бірнеше рет кезектен тыс сайлау өткізілген уақыттарда Сенат екі-үш айлап Парламенттің толық міндетін атқарып, мемлекеттік заң шығарушылық үдерістің тоқтамауына септігін тигізді.

Жалпы, Сенат заң қабылдау үдерісінде тұрақтандырушы рөл атқарады. Тәжірибе көрсеткендей, Мәжіліс қабылдаған заңдарға толық­тыру мен түзетулер енгізу арқылы, Сенат депутаттары қоғамның әртүрлі мүдделерін, саяси басымдықтарын белгі­леп, жергілікті тұрғындардың өмірінің жақсаруына, өңірлер­дің көркеюіне, дамуына тікелей әсер ететін заңдар қабылдауға негіз болды. Сондықтан Сенат­тың ел өңірлерінің мүдделерін күшейтуге, олардың саяси рөлін арттыруға, соның есебінен өңір тұрғындарының мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуына  ықпал етіп жатқаны даусыз.

Әрине, Парламент реформасына қатысты Жолдауда айтылған шешім қоғамда, сараптамалық ортада және Парламентте әлі де талқыланады. Өйткені бұл – мемлекеттік құрылымның негіздерін қозғайтын күрделі конституциялық реформа. Президент айтқандай, біз әлемдік саяси деңгейге сай болуымыз керек. Сондықтан парламенттік реформаны жүргізген дұрыс, елдің дамуы жолында қалтқысыз қызмет ететін жаңа парламенттің өмірге келуі – заман талабы.

Сенатқа қай кезеңде болса да, өмір көрген, тағдырдың қаншама сындарынан өткен, ел басқарған, жергілікті халықтың арасынан шыққан, өңір азаматтарының тұрмыс-тіршілігін, менталитетін, психологиясын жақсы білетін, абыройлы азаматтар сайланатын. Сенаттың қазіргі құрамы да солай. Аудан, қала әкімдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық мәслихат төрағалары болып қызмет еткен, белгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлер, түрлі ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдері Президент тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда қам­тамасыз етуде қалтқысыз қызмет жасап келеді.

Алдағы екі жылда да Сенатта талай маңызды мәселе қаралып, шешімін тауып, елдің мүддесі жолында жүздеген іс-шара өткізіліп, халық үшін маңызды, мағыналы ой-пікірлер айтылатыны анық.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты