• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:33

Еңбек еткеннің еңсесі биік

20 рет
көрсетілді

Ауылда жүріп те уы­с-уыс ақша сапыруға бола­ды. Кейінгі уақытта мал бордақылау кәсіптің кере­метіне айналды. Еңбек­пен ерте шыңдалған Ер­нат Махмет – ауылы­ның миллионері. Жылына жүз бастан артық мал семіртіп, Қарағандының базарларына ет жөнел­теді.

Еті тірі, тірлігі ірі Ернат Тілек­ұлы атасының жолын жалғауды мұраты санайды. Махмет атасы ауыл шаруашылығы саласының жетекші маманы болыпты. Ата өнегесін сіңіріп өскен ұл да өзінің шаруашылығын ашып, кәсібін дөңгелетеді.

Қорадағы күнделікті шаруа жастайынан малсақ Ернаттың бір өзінен артылмайтын көрінеді. Содан еңбекпен шымыр болып өскен ол денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығын оқып алады. Оқуын ойдағыдай тәмамдаған оның ойына мал бордақылау кәсібі келеді. Жанып тұрған жас жігітті отбасы да қолдап, сенім білдіріп, әкесі демеп жібереді.

Сөйтіп, атасының атын ием­деніп, «Mahmet Agro Farming» шаруашылығын ашады. Үкіметтің жеңілдетілген несиесінің де көп көмегін көріп, 25 млн қаражат алып, шаруашылықтың қажетіне жұмсайды.

Өзінің қорасын кеңейтіп, жанынан тағы бір мал бордақылау алаңын салады. Жыл он екі ай тай, құнан, дөнен, бие жем­дей­ді. Отыз жылқыға орын бар. Ал жаңадан салған базында 40 сиыр жемдейді. Ауылдас­та­ры­нан, көрші елді мекендерден бір жасар бұзау сатып алып, бір жыл бордақыға қояды. Мал азы­ғы мол болса, әр бұқа шамамен ­100 кило салмақ қосады. Сөйтіп, ­ең­бек сүйген Ернат жылына 40–50 тонна ет өндіріп отыр.

«Мал бордақылау – дәлме-дәл уақытты, ерік-жігерді талап ететін шаруа. Күндіз-түні қорада болуың керек. Жем-шөбі, суы уақытысы­мен болған жөн. Мал астын тазартып отыру – бірінші мәселе. Осы еңбегімізге сай рақатын да көріп отырмыз. Үйімізді кеңейтіп, үлкен қонақ бөлмесі мен жатын бөлмелерді көбейтіп жатырмыз. Осының бәрі – еңбегіміздің, мал­дың арқасы», дейді Ернат.

Ернат Тілекұлы техниканың да тілін ерте меңгерген. Жас­тайынан егіннің, шабындықтың қым-қуыт тіршілігін көріп өс­кен азамат. Соның арқасында ма­лы­­ның жем-шөбін өзі дайын­дайтын бес­аспап жігіт. Қазір шаруа­шы­лығында тракторы, шөп шабатын техникасы, престегіш машинасы бар. Егін оратын «Енисей-1200 1нм» комбайны, әйгілі «Газ-53» жүк көлігі сағат тіліндей сартылдап тұр. Олардың да май-суына, саймандарына бір өзі жауапты.

Ернаттың көмекшісі – әкесі Тілек және бауырлары. Егін салуды 2018 жылдан бері қолға алып келеді. 2019 жылы 100 гектар жерге көпжылдық екпе шөп егіп, қазір соның жемісін көріп отыр. Шаруашылығында шабындығын, егін аумағын, жайылымын қоса есептегенде 350 гектар жері бар.

Жас фермер мал семіртудің қызығына әбден кірген. 100–110 кило болған бір жасар бұзауды таразыға салғанда 200 килоға дейін тартқызады. Сонда жем-шөпке кеткен шығынды алып тастағанда, еттен 80 кило пайда көреді. Ал жылқы малына 70–80 килоға дейін салмақ қостырады. Бордақы мал азығының құнары жоғары болса ғана нәтиже береді. Сол себепті сиырына тартылған бидайды, жылқыға кебек пен екінші сорт ұнын араластырып береді. Ет өнімін Қарағандының «Арай», «Шығыс», «Алтын арба» базарына өткізіп отыр. Онымен қоса өзінің де тұрақты тұтынушылары бар.

Жалынды жас жігіт жиырма жасында ауылындағы ару Ақбо­тамен отау құрады. Қазір екі жас – төрт баланың ата-анасы, көпбалалы отбасы. Аяулы жары да Ернаттың шаруасының бір жағынан шығы­сады. Ауылының пысық келіні атанған Ақбота екеуінің еңбек­қорлығына Сарыобалы ауы­лын­дағылар сүйсінеді.

Ернат Тілекұлы шаруашы­лығының мүмкіндігін молайтқы­сы келіп отыр. Алайда шабын­дық­тың, жайылымның аздығы азда­ған кедергі келтіріп отырған көрі­неді. Үйір-үйір жылқы өсіріп, сиыр­дың да санын көбейту ­ойында ­бар. Келіншегі Ақбота да сүт өнім­дерін өндіріп, құрт-майын саудаға ­шы­ғарғысы келеді. Онымен қоса Ернат егін салатын жерін жаңар­тып, жем-шөп қорын молайтуды ­жоспарлап қойған. Қысқасы, атасының атындағы шаруа­шы­лығын сан салалы қылғысы келеді. Оған еңбекқор екі жастың әлеуеті де, әрекеті де жетеді.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Сарыобалы ауылы