• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:05

Уақыт пен кеңістік үндестігі

20 рет
көрсетілді

Суретшінің бір мұраты – көңіл қатпарына жасырын­ған сезім мен ойды, уақыт пен кеңіс­тікті үнсіз тілдес­ті­ру. Ескі мен жаңаны ұш­тас­­­тырған шебер Асқар Ахаманның шығармалары – осы үнсіз диалогтің айқын дәле­лі. Оның кенебі – филосо­фия­­лық толғаныстар мен мифо­ло­гиялық астарға, рухани сим­­воликаға толы көркем әлем.

Суретші қолтаңба­сын­да адам мен ғаламның мәң­гілік байланысы, рух пен материя арасындағы шекара, уақыт пен кеңіс­тіктің тоғысуы көрініс табады. Бұл туындылар тарих тылсымынан сыр тартып, дәстүр мен ділге негізделген пішіндер арқылы өріліп отырады. Мұндағы әрбір штрих – ой, әрбір бояу – үнсіз сыр. Автордың Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде өткен шығармашылық көрмесіндегі 60-тан аса кескіндемелік туынды көрерменін ой құшағына тартатыны сондықтан.

Шынайы өмір тыны­сынан сыр шерткен ком­позициялық идеялар ішкі рухани ізденіске ба­ғыт­­тайды. Айталық, «Үн­сіз­дік», «Қара шаңырақ», «Жал­ғыздық белгілері», «Кү­ту», «Түс», «Әкелер жолы», «Өмірдің басталуы», т.б туынды­ларындағы пі­шіндер мен түстер филосо­фиялық ас­тарға толы. Нәзік талғам, әр детальға деген ұқыптылық картиналардың мазмұнын байытып, өнерді көру ғана емес, сезіну қажеттігін ұқтырады.

«Асқар Ахаман шығар­маларында қолданылған пішіндер мен түстердің үйлесімі, кеңістіктегі қозғалыс пен уақыттың ағысы адамның ішкі жан дүниесімен үндесе отырып, оның өмірлік жолындағы күрделі сезімдері мен күйзелістерін бейнелейді. Әрбір туындысында су­ретші шынайы болмыс­ты көркемдік тілмен шебер жеткізеді. Бұл туын­дылар мәңгілік өмір мен өлім, жалғыздық пен үміт, бастау мен аяқ­талу арасындағы шексіз байланыстарды жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді», дейді өнертанушы Гүлнар Жұбаниязова.

Суретші мәңгілік сауалға мән іздейді. Шы­ғар­маларында бейнеленген әрбір көрініс – тір­шіліктің түпкі өзегіне бой­лау, адамзаттың рухани болмысына үңілу деп топшыладық. Ол ізгілік пен мейірімнің ғаламға сәуле шашар шынайы нұр екенін айтып, «тазалық – тәнде ғана  емес, жан мен пейілде» деген үндеу тастайды. Сол арқылы көрерменге арман мен ақиқаттың, сағыныш пен үміттің, өткінші мен мәңгіліктің арасындағы нәзік байланыс­ты сезіндіргісі келетіндей.

 

АЛМАТЫ