Солтүстік Каролинадағы Шарлотта қаласында Декарлос Браун 23 жастағы украиналық босқын Ирина Заруцкаяны пойыз ішінде пышақтап кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz New York Post басылымына сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде үн қатып, айыпталушыға ең ауыр жаза қолдану керектігін мәлімдеді. Ол қылмыскердің «жылдам сот алдында жауап беріп, тек өлім жазасына кесілуі қажет» екенін айтты.
Бас прокурор Пэм Бонди де қатаң мәлімдеме жасап, «бұл кешірілмес қылмыс үшін ең жоғары жазаға қол жеткізілетінін» және Браунның енді ешқашан еркіндікте жүрмейтінін жеткізген.
Таралған бейнежазбада ер адамның пойызда отырған Заруцкаяға пышаққа ұқсас затпен бірнеше рет соққы жасағаны көрінеді.
Браунға федералдық деңгейде қоғамдық көлікте адам өліміне себеп болды деген айып тағылса, штат заңы бойынша ол бірінші дәрежелі кісі өлтіруші ретінде жауапқа тартылып отыр.
Қоғам арасында үлкен резонанс тудырған бұл қылмыс Браунның бұрынғы әрекеттерімен де байланысты. Ол 2007 жылдан бері тонау, шабуыл және қаруды заңсыз ұстағаны үшін 14 рет қамауға алынған. Оның анасы ұлы шизофрениямен ауыратынын айтып, көшеде жүруіне жол берілмеуі керек екенін жеткізген.