• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мектеп Бүгін, 08:22

Заманауи мектеп пайдалануға берілді

20 рет
көрсетілді

Семейдегі Водный кентінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова қатысты.

Водный кентінің балалары енді еңселі де заманауи ғимаратта білім алады. Бұл – «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде бой көтерген Семей қаласындағы – екінші, ал Абай облысы бойынша – үшінші білім ордасы. Үш қабатты мектепте 28 оқу кабинеті, физика, химия, биология, роботтехника, графика және модельдеу бөлмелері, ағаш және металл өңдеу, тігін және кулинария шеберханалары бар. Сонымен қатар акт залы, асхана, 7 зертхана, кітапхана, оқу залы мен коворкинг аймақтары қарас­тырылған. Аулада футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгі­ру жолақтары мен спорт залы бар.

Мектеп бір ауысымда, мемле­кеттік тілде білім береді. 1-11 сынып аралығында 22 сынып-комплект және 1 мектепалды даярлық сынып ашылады. Салтанатты іс-шараға қатысқан аймақ басшысы ұс­таздар мен ата-аналарды, оқу­шы­ларды айтулы оқиғамен құттықтады.

«Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген жаңа оқу ордасы салынып жатыр. Біздің өңірімізде де бірнешеуі бой көтерді. Осындай келелі бастамалар арқылы балаларға қолайлы, қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадамды көруге болады. Соның айқын көрінісі – бүгін Семей қаласының Водный кентінде бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп. Бұл – ұстаздың арманын, ата-ананың сенімін, баланың үмітін тоғыстырған ортақ қуаныш. Бүгінгі ашылған мектеп – болашаққа деген сенімнің рәмізі. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын»,  деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы мектептің сыныптарын, асхана, спорт залды көріп, оқушылармен, мұғалім­дермен пікірлесті.

Қазіргі уақытта облыста «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі мектеп салынып жатыр. Аягөз қаласындағы 600 орын­дық мектеп 2-тоқсанда пай­дала­ну­ға берілмек. Семейдің Шығыс кентінде 300 орындық мек­тептің құрылысы жүргізілуде. Жал­­пы, облыстағы 8200 орын тап­шылы­ғының 31 пайызы осы жоба­мен салынып жатқан 5 мек­теп есебінен шешілмек. Қал­ған тап­шылықты жою үшін рес­пуб­­л­и­калық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспар­ланған.

Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектеп­тің құрылысы басталды. Ақсуат ауда­нындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің құрылысы бас­талады. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр.

 

СЕМЕЙ