Түркістан облысында жаңа оқу жылында 48 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Оқушылардың болжамды контингенті 553 мыңнан астам, ал орта білім беру ұйымдарының желісі 1093-ке жетті.
Облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Ғалымжан Орыновтың айтуынша, 2025–2026 оқу жылында біртұтас тәрбие бағдарламасы – «Адал азамат» жүзеге асырылады, барлық 1-11 сынып оқушылары «Day of AI» курстарымен қамтылады. Мұғалімдерге ЖИ қолдану бойынша курстар ұйымдастырылып, әдістемелік ұсынымдар енгізіліп жатыр. Буллингтің алдын алу мақсатында «ДосболLIKE» бағдарламасы енгізіліп, ас мәзірін денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген. Өңірдегі білім беру ұйымдарында жүргізіліп отырған инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқынды. Биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілді, оның 29-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, ал қор есебінен 14 білім ордасы бой көтеруде. Сондай-ақ 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 106 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады. Жоғарыда айтылған 29 мектептің 13-і өткен жылы пайдалануға берілген, биыл 13 «Келешек мектептерінің» құрылысы аяқталады. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 17 жаңа білім нысаны салынып жатыр. 115 мектеп жаңғырту жобасына енген болса, биыл 41 мектеп реновациядан өтуде. Өңір бюджеті есебінен 59 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Ордабасы ауданы Темірлан ауылында орналасқан Шоқан Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясы 1986 жылы салынған, жобалық қуаттылығы 780 орындық білім ордасына маусым айынан басталған ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Шұбарсу ауылындағы Атамекен жалпы орта мектебінің ғимараты 2010 жылы пайдалануға берілген. 600 орынға арналған бұл мектепте бүгінде 962 оқушы бар. Жөндеу жұмыстарын «Gold-ART» ЖШС жүргізген, білім ұясы жаңа оқу жылына дайын. Темірлан ауылында Өнер мектебі 1974 жылы салынған, әбден ескірген ғимаратта жұмыс істеп келген болатын. Сыйымдылығы небәрі 200 орынға арналған білім ордасында 409 бала оқып жүр. Қазіргі таңда жаңа ғимараты салынып жатқан мектеп 300 орынға арналған және заманауи музыка, хореография залдарымен, жаңа техникалық жабдықтармен қамтылатын болады. Жалпы, өңірде 115 мектеп реновация жобасына енгізілген. Оның 41-і 2025 жылы жаңғыртылса, қалғаны алдағы екі жылда кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Жаңа оқу жылында өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 8 жаңа мектеп ашылды. Бұл орайда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталған жиналыста білім нысандарындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарын уақтылы және сапалы аяқтау қажеттігін айтқан еді. Мектептерге мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде заң талаптарының сақталуы тапсырылды.
Түркістан облысы