Заңгер Рауан Есбергеннің жауабы: – Сіздің қарызыңыз – тек сіздің жеке жауапкершілігіңіз. Яғни қарызыңыз үшін ата-анаңыздың, бауырларыңыздың немесе басқа туыстарыңыздың шоттарын жабуға, мүлкін тартып алуға немесе жалақысын ұстап қалуға банктің ешқандай құқығы жоқ.
Мұндай әрекеттерге заңда қатаң тыйым салынған. Банк сізді жұмыстан шығара алмайды және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарына араласа алмайды. Қарызды өтей алмау қылмыс емес, ол тек азаматтық-құқықтық қатынас. Сондықтан «қарызыңды төлемесең соттайды, түрмеге жабады» деген қорқыту заңға қайшы, бұл небәрі манипуляция ғана.
Енді банктің қолданатын заңды әрекеттеріне тоқталайық. Банк немесе несие ұйымы сізге хабарласып, қарызыңыз бар екенін еске салады, оны өтеудің жолдарын ұсынады. Егер мәселе ұзақ уақыт шешілмесе, олар екі заңды жолды қолдана алады. Біріншісі – нотариус арқылы атқарушылық жазба жасау. Бұл банк пен клиент арасындағы шарт негізінде жүзеге асады. Егер сіз шартта осындай тармаққа қол қойған болсаңыз, нотариус банк пайдасына атқарушылық жазба шығара алады. Екіншісі – сотқа жүгіну. Банк немесе микроқаржы ұйымы сотқа талап арыз береді. Сот шешімі шыққан соң ғана қарызды мәжбүрлеп өндіру мүмкіндігі пайда болады.
Осы екі жағдайда да іс сот орындаушыға беріледі. Сот орындаушы қарызды өндіріп алу үшін заңмен белгіленген тәртіпті ғана қолданады: шоттарды бұғаттау, ресми табыстан ұстап қалу, мүлікті сату. Бірақ бұл да бірден болмайды. Халық «сот шешімі шықса, қарызды бірден толық төлеу керек» деп ойлайды. Шын мәнінде, заң бөліп төлеуге де мүмкіндік береді. Сот орындаушымен келісіп, қарызды ай сайын немесе кезең-кезеңімен өтеуге болады.
Кей жағдайда коллекторлар борышкердің туыстарына хабарласып, оның қарызы туралы айтады. Бұл – заңсыз әрекет. Мұндай әрекеттер екі негізгі заңды бұзады: «Банктік құпияны қорғау туралы» заң және «Жеке деректерді қорғау туралы» заң. Бұл үшін коллекторлық агенттікке немесе банкке шағым жасауға, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге болады.
Қарыз алып, оны төлеуге шамаңыз жетпей қалды делік. Бұл жағдайда жағдайыңызды нақты бағалап, заң аясында не болатынын түсіну маңызды. Кезең-кезеңімен айтып берейік. Бірінші қадам – банк пен коллектордың қысымы. Олар сізге қоңырау шалып, қарызды қайтаруды талап етеді. Кейде қоңыраулар жиілейді, тіпті түрлі мекеменің атынан хабарласуы мүмкін: өзін сот орындаушы, полиция, прокуратура немесе басқа органның өкілі етіп таныстырады. Мұның басым бөлігі қорқыту және алдау тәсілдері.
Екінші қадам – банктік шоттарға арест қою. Егер іс сотқа жетсе, сот шешімінен кейін сот орындаушы сіздің есепшоттарыңызды бұғаттап, түскен ақшаны қарызды өтеуге бағыттай алады. Егер жалғыз табысыңыз күнкөріске арналған қаражат болса, ол заң бойынша толықтай алынбайды. Азық-түлікке, күнделікті өмірге қажетті ең төменгі қаражат сізде қалуға тиіс.
Үшінші қадам – мүлікті шектеу. Автокредит жағдайында банк көбіне автокөлікті қайтарып алу үшін сотқа жүгінеді. Бірақ туыстарыңыздың үйін, әке-шешеңіздің шоттарын немесе мүлкін ешкім тартып ала алмайды.
Төртінші қадам – сот үдерісі. Егер іс сотқа жетсе, қорғануға мүмкіндігіңіз бар. Сотта өз қаржылық жағдайыңызды көрсетіп, қарызды бөліп төлеуді немесе жеңілдетілген шарттарды талап етуге болады. Қажет болса, медиация немесе кейінгі сатыда апелляция арқылы да мәселені шешу жолдары бар.
Еліміз заңнамасында банкроттық рәсімі де қарастырылған. Бұл – борышкердің төлем қабілеті мүлдем жоқ болғанда қолданылатын ресми құқықтық жол. Банкроттыққа өтініш берген жағдайда, белгілі бір шарттармен қарыздар кешірілуі немесе қайта құрылымдалуы мүмкін. Бұл – соңғы, бірақ заңды мүмкіндік.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»