Ордабасы ауданы Бөген су қоймасының маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында қола дәуіріне тиесілі құнды жәдігерлер табылды.
Белгілі археолог А.Подушкин жетекшілік еткен ғылыми экспедициялық қазба жұмыстары нәтижесінде қола дәуіріне жататын төрт қорым анықталған. Бұл ізденіс мыңдаған жыл бұрын Түркістан өңірін мекендеген адамдардың өмірі мен мәдениеті туралы жаңа мәлімет береді. Ең бірегей олжа – б.з.б. XV-XVI ғасырларға жататын әйел қабірі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жерлеу андронов мәдениетіне тиесілі және сол дәуірдегі әйелдердің тұрмысы мен дәстүрлерін бейнелейді. Мұнда археологтер баскиімнің бөлшектері мен әшекейлерін алтын жалатылған қола самай сақиналары, білезіктер, моншақтар мен ұсақ бисерлер, ерекше пішінді сырғалар тапты. «Оңтүстік Қазақстан аймағы үшін бұл бірегей табыс. Бұл қола дәуіріндегі халық қола өңдеуді, қола құюды меңгергенін, зергерлік өнердің негіздерін білгенін дәлелдейді. Мұның бәрі біздің ежелгі ата-бабаларымыздың осы жерде жоғары деңгейде өмір сүріп, еңбек еткенін көрсетеді», дейді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин.
Сондай-ақ мамандардың айтуынша, бұл – Орталық Азия тарихы үшін тың жаңалық. Себебі мұндай жәдігерлер алғаш рет Орта Азия бойынша Ордабасы аумағынан табылып отыр. Барлық табылған бұйымдар ғылыми тұрғыда зерттеліп, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына өткізіледі. Археологиялық зерттеу жұмыстарына аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, алдағы уақытта да жалғасын табады.
Түркістан облысы