• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 11:41

Жасанды интеллект білім саласына тың серпін береді -педагог

50 рет
көрсетілді

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжатта білім, ғылым, технология және экономика салаларына ерекше назар аударылды. Жолдауды тыңдауға еліміздің әр өңірінен әртүрлі сала мамандары арнайы шақырылды. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, педагог Марат Таңсықбаев болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алғаш рет Президент Жолдауына қатысқан ұстаз өз әсерімен бөлісті. Ол бұл іс-шараның кәсіби болашағына тың серпін бергенін атап өтті.

«Мен үшін ең әсерлісі — білім саласы мен жаңа технологияларға, оның ішінде жасанды интеллектке берілген ерекше көңіл болды. Президент бұл саланың ел экономикасы үшін маңызды қозғаушы күш екенін атап, жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, мұғалімдердің де осы бағытта біліктілігін арттыруы керек екенін жеткізді. Бұл сөздер мені жігерлендірді, өйткені жасанды интеллект тек техникалық сала мамандарына ғана емес, біз – педагогтар үшін де тиімді құрал бола алады»,  деді Марат Таңсықбаев.

Педагогтың пікірінше, Жолдауда көтерілген мәселелер әсіресе білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жасанды интеллект арқылы оқу бағдарламаларын жаңғырту, оқушылар мен студенттердің қабілетін ашу жолдарын жетілдіру – қазіргі заман талабына сай бастамалар.

Ол сонымен қатар оқу процесін жекелеп жүргізу мүмкіндіктеріне назар аударды. «Жасанды интеллект әр оқушының жеке қабілетін ескере отырып білім беру – мұғалімдер үшін тиімді құрал әрі үлкен көмекші», деді Марат Таңсықбаев.

«Президенттің бүгінгі Жолдауы барша ұстаздар үшін үлкен мотивация болды деп есептеймін. Ел болашағы – білімді жастар мен білікті мамандардың қолында екенін тағы бір мәрте түсіндім. Мен де өз тарапымнан жасанды интеллектті қолдана отырып, оқыту әдістерімді жаңартуға бар күшімді саламын», деп түйіндеді ұстаз.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауда білім және ғылым саласына ерекше басымдық беріп, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи әрі сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы нақты тапсырмалар алдағы уақытта іске асырылуы тиіс.