• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 09:05

Ғылым мен технология кеңістігіндегі қазақ тілі

20 рет
көрсетілді

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Назарбаев университетінде «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция өтті. Жиынға Үкімет мү­ше­лері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Сондай-ақ елі­міздің барлық өңірінен тіл саясатына жауапты мамандар мен білім басқармаларының өкілдері онлайн форматта қосылды.

Жиын барысында қазақ тілінің ғылым мен технологиядағы болашағына қатысты өзекті мәсе­лелер талқыланды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақша мәтінді дыбысқа айналдыратын TTS (Text-to-Speech) жобасын таныстырды.

«Бұл бастама – қазақ тілін заманауи ғылым мен технология кеңістігіне енгізудің үлкен қадамы. Қазақша дыбыс моделі жақын күндері халықаралық «Hugging Face» платформасында жарияланады. Бұл – қазақ тілінің әлемдік жа­сан­ды интеллект экожүйесінде өз орнын алуының бастамасы», деді ол.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы­ның бас директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, қазіргі уақытта, қазақ тілі «технологиялық бейімделу» кезеңінен сәтті өтіп, тіл модельдерінің негізінде өнімдер шығара бастады.

«Қазақ тілі – қазіргі жаңа технологиялар дәуірінде өзінің цифрлық ортаға бейімдігін және жасанды интеллект технологияларына сенімді тілдік негіз екенін толығымен дәлелдеді. Бұл тіліміздің заманауи талаптарға сай дамып, әлемдегі әлеуеті жоғары тілдердің қатарынан табылғандығының айқын көрінісі. Қазіргі уақытта, қазақ тілі «технологиялық бейімделу» кезеңінен сәтті өтіп, тіл модельдерінің негізінде өнімдер шығара бастады. Осы арқылы еліміз тіл мен технологияны табысты ұштастырып, қазақ тілінде ойлана алатын, мәтіндерді генерациялап, өзін-өзі оқыта алатын ұлттық тіл моделін жасаған алғашқы 15 мемлекеттің қатарына еніп отыр. «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілінің ғылыми-инновациялық дамуын 4 бағыт бойынша жүзеге асырады. Атап айтсақ, Жасанды интеллект, Әдістемелік бағыт, Терминологиялық бағыт және қазақ тілін оқытатын IT өнімдер әзірлеп, ұсыну бағыты. Осы 4 бағыт бойынша даярланған өнімдердің негізгі мақсаты – азаматтардың толық өмірлік циклін қамтып, қазақ тіліне қатысты жан-жақты сұранысын қанағаттандыру. Яғни орталық қолданушылардың өмірінің әр кезеңіне бейімделген платформаларды әзірлеп, ұсынады», деді ол.

Айта кетейік, «Тіл-қазына» орталығы еліміздің тұңғыш ұлттық тіл моделі «KazLLM» жобасында да, Қазақ тілі мен технологиялық прогресті қолдауға арналған Үлкен тіл моделін жасау жұмысына да белсене атсалысып, 6 млрд сөз қолданыстан тұратын табиғи тіл қорын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на және «Ақылды жүйелер мен Жасанды интеллект институтына» тапсырды. Сонымен қатар, «Тіл-қазына» орталығы өзінің дербес өнімі, еліміздегі тұңғыш салалық тіл моделі – қазақ тілін оқытуға машықтанған «Til-Qazyna LLM»-ды жарыққа шығарды. Бүгінде «Til-Qazyna LLM Hugging Face» ашық платформасына жүктеу­лі тұр. Яғни қазақ тіліндегі техно­ло­гиялық өнімін жасаймын деген кез келген компанияға қолжетімді.

«Осы күні Til-Qazyna LLM негізінде бірнеше ЖИ агенттеріміз жүзеге асуда. Солардың алғашқы­сы – мемлекеттік ЖИ агенттер картасына енген «Qazgramma» жобасы. «Qazgramma» – қазақ тіліндегі мәтіндердің дұрыстығын тексеруге арналған платформа. Сонымен қатар қазақ тілін дең­гейлеп оқытатын Til-Qazyna ЖИ көмекшісі мен шеттіл­дік термин модельдерін сөзжасам­­дық, фо­­нетикалық-морфология­лық тұр­­ғыдан талдайтын Шеттілдік тер­миндердің автоматтандырылған жүйесі әзірленуде. Орталығымыз қазақ тілін үйретуді қызықты әрі интерактивті ету мақсатында «Steppe Games» мобильдік ойынын әзірледі. Ойынның таныстырылымы жақын уақытта өтетін болады», деді М.Жұмабай.

Конференцияның ресми бөлігінен соң қатысушылар түгелдей «Ұлттық диктант» жазды. Диктант мәтінін белгілі диктор Қымбат Досжан оқыды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа жобаның ерекшелігін атап өтті:

«Ұлттық диктант бұрын да өткізілген. Бірақ қазір біз оны жаңа форматта енгізіп жатырмыз. Бүкіл мектептер мен жоғары оқу орындарында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады. Әрине, тілдің болашағы – цифрлық кеңістікте. Егер кез келген тіл жасанды интеллект дәуірінде тірі қалғысы келсе, цифрлық форматқа бейімделуі қажет», деді министр.

Диктант офлайн және онлайн түрде ұйымдастырылып, кез келген азамат қатыса алады. Онлайн нұс­қа­сы www.til.kz сайтында қолжетім­ді. Қатысушыларға электрондық Алғысхат пен Kitap платформасына тегін жазылым ұсынылады.

«Осы «Ұлттық диктант» жобасы – жазу мәдениетін қалыптастырып, сауаттылықты арттыруға, ойды көркем жеткізу дағдысын дамытуға бағытталған бастама. Зерттеулерге сүйенсек, бүгінде адамдар бұрын­ғыға қарағанда әлдеқайда көп жазады. Себебі қолымызда телефон бар, хат-хабардың бәрі жазбаша жеткізіледі. Дегенмен жазудың сапасы төмендеп барады, тыныс белгілерін, жалғау-жұрнақты, жалпы жазу нормаларын ескере бермейміз. Диктантты бірге жазу арқылы әрқайсымыз өзімізді сынап көріп, жіберген қатемізді анықтап, қажет болса мамандардан сұрап, келешекте ондай қателікті қайталамауға тырысамыз. Бүгін конференцияға қатысушылар бастама көтеріп отыр. Бұдан әрі еліміздің барлық аймағындағы мектептер мен колледждер, жоғары оқу орындары, оқытушылар мен сту­денттер, түрлі ұжымдар және жеке азаматтар онлайн және офлайн түрде қатысып, ортақ іске үлес қоса алады», деді Р.Кенжеханұлы.