Қазақ мұнайының тарихы Қарашүңгілден басталады. ХІХ ғасырдың соңында осынау өлкеден табылған бір тамшы мұнай бүгінде ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Қыркүйектің алғашқы жексенбісі – осы салада еңбек ететін мамандардың кәсіби мерекесі.
Қазіргі уақытта отандық мұнай-газ саласында 1,1 млн адам жұмыс істейді. Бүгінде еліміз жылына миллиондаған тонна мұнай өндіріп, айбынымыз асып, мерейіміз өсіп жатса, мұның бірден-бір себепкері – әрине, қарапайым мұнайшылар. Солардың бірі – «Қаражанбасмұнай» кәсіпорнында 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сабыр Киікбай. Ол әуелде бу өндіру цехында алдымен химиялық су тазарту аппаратшысы болып жұмыс істеген. Қазіргі қызметі – бу генераторлық қондырғысының 5-дәрежелі машинисі. Әдетте бу цехы өндірістің жүрегі саналады. Себебі Қаражанбас – мұнайы қоюлығымен, шайырлылығымен ерекшеленетін еліміздегі бірегей кен орны. Мұнаймен бірге шыққан соң бірнеше кезең бойы тазартылған судан бу өндіріп, оны жер қабатына айдау үдерісі әсте оңай шаруа емес. Сабырға күн сайын газбен, жоғары температура және қысыммен жұмыс істеуге тура келеді.
«Бу өндіру ісі көзге көрінбегенімен, алып қондырғылар арқылы жүзеге асатын үлкен жұмыс. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың ыстығында күн райымен санаспай еңбек ету – бізді мықты маман етіп қалыптастырып келеді. Ел экономикасын өрлету жолында бәріміз жұдырықтай жұмылып, тер төгуіміз керек. Әлемнің алпауыт елдерімен иық теңестіруге әр еңбек адамының қосар үлесі орасан зор», дейді Сабыр.
Маман айтқандай, еліміз бұл күнде әлемдегі алпауыт мұнай өндіруші елдер қатарында. 2024 жылдың қорытындысында 87 млн тонна мұнай өндірілді. Теңіз кен орнын кеңейту мен Қарашығанақ және Қашаған жобаларын дамыту нәтижесінде өндіріс деңгейі 96 млн тоннаға жеткізілуі мүмкін. Негізгі стратегиялық міндет – 100 млн тонналық межені бағындыру. Мұны шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бағындырылуға тиіс негізгі белес ретінде атаған еді.
«Шетелдік инвесторлар капитал, алдыңғы қатарлы технология және біліктілігі жоғары жұмыс күші түрінде инвестициялар ұсынып жатыр. Инвестиция біздің энергетикалық саланың өсуіне ықпал етті. Кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі 2 есе ұлғайды. Бұл жетістік елімізге мұнай өндірісінің өсу көрсеткіші жоғары бес елдің қатарына кіруіне мүмкіндік берді. Енді біз келешекте жылына 100 млн тонна мұнай өндіру шегінен де асқымыз келеді», деген еді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, тағы бір білікті мұнайшы Қадор Әжібекұлын да атап өткен абзал. Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) тәжірибелі маманы ұзақ жыл бойы күкірт өндіру және газдарды тазарту учаскелерінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Бүгінде ол – технологиялық қондырғылардың 6-разрядты операторы. Жалпы, осы саладағы еңбек өтілі – 40 жыл. Осыншама уақыт бір бағытта еңбек ету маманның адалдығы мен табандылығын айғақтайды. Қадор ПМХЗ-да заманауи өндірістік технологияларды, жаңа шешімдерді енгізуге белсене араласып, еңбегінің жемісін көріп, түрлі салалық марапатқа да ие болды.
«Осы зауытта жұмыс істеуімді өмірімдегі ең маңызды әрі дұрыс таңдау деп есептеймін. Мұнда жастар үшін де үлкен мүмкіндік бар. Оларға білгенімізді үйретіп, кейде олардан да көп нәрсені үйреніп жатамыз. Мен әрқашан кәсібилікті, адалдықты және жұмысқа деген махаббатты басты ұстаным етемін. Біздің әрбіріміз отандық мұнай саласы іргетасының берік, қабырғасының мықты болуына үлес қосып жатырмыз. Бұл – өте жауапты іс», дейді ардагер маман.
Расымен, осындай өз ісіне жетік қызметкерлердің арқасында сала дамуы қарқын алып келе жатыр. Теңіз кенішін кеңейту нәтижесінде, ол 2023 жылы толық іске қосылып, қосымша 12 млн тоннаға дейінгі өндіріс қуатын қамтамасыз етті. Қашаған 2024 жылы мұнай өндіру көлемін 20%-ға арттырды. Бұл әлемдік нарықта Қазақстан үлесін сақтауға мүмкіндік берді. Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары кейінгі жылдары толық жаңғыртылып, еліміздің ішкі нарығын жанар-жағармаймен 100% қамтамасыз етті.
Қазір еліміз мұнай өндірісін жүйелі түрде орындау және көрсеткіштерді жақсарту тұрғысынан тиімді қадамдар жасай бастады. Алдымен 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Құжат мұнай өңдеу зауыттарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан 29 млн тоннаға дейін кеңейтуді көздейді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, бұл отын қауіпсіздігін күшейтіп, ішкі нарықтың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, бензин өндірісі 8 млн тоннадан асып, К5+ экокласты дизель отыны 9 млн тоннадан артық өндіріле бастайды. Ал авиаотын көлемі екі есеге жуық артып, жылына 1,5 млн тоннаға жетеді деп жоспарланған. Әлбетте, еліміз шикі мұнайды экспорттаушы ел мәртебесін місе тұтпақ емес. Қазіргідей жаһан экономикасы құбылып тұрған заманда мұнай-химия өнеркәсібін тиімді дамыта білу де өте маңызды. Сондықтан жақын болашақта мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылып (бәлкім, жаңалары салынып та қалар), қосымша құны жоғары өнімдер өндіруге ден қойылмақ.
Салаға жастардың да лек-легімен келіп жатқаны белгілі. Жандос Шәкенбаев мұнай тасымалдау саласына 2013 жылы аяқ басқан. «ҚазТрансОйл» АҚ-ға қарасты Жезқазған мұнай құбыры басқармасының құрылымдық бөлімшесі құрамындағы Байқадам Жұмағалиев атындағы бас мұнай айдау стансасында оператор болып істейді. Ол жақында Ресейдің Түмен қаласында өткен «Үздік маман – 2025» халықаралық кәсіби шеберлік байқауында «Мұнай айдау стансасының операторы» аталымы бойынша 1-орынды иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.
«Жарыс өте тартысты өтті. Оған қатысуға жағдай жасаған әрі сенім артқан компания басшылығына рахмет. Әрине, халықаралық кәсіби байқаудың жеңімпазы атану маған үлкен мақтаныш. Болашақта да осы деңгейден көрінуге тырысамын», дейді Жандос Шәкенбаев.
Мұнайшылар күні – тек бір саланың кәсіби мерекесі ғана емес, ұлттық экономиканың жүрегінде тұрған еңбек адамдарына көрсетілер құрмет. Отандық мұнай саласы алдағы онжылдықта да ел дамуының негізгі тетігі болып қала береді. Дегенмен әлемдік трендтерге сай мұнайды өңдеу деңгейін арттыру, экологиялық талаптарды қатаң сақтау мен энергия көздерін әртараптандыру – басты міндеттердің қатарында.