Көкшетау қаласының тұрғыны Эльвира Мұқашева бес баланың анасы. Бүгінде пысық келіншек сүттен түрлі тағам дайындап, тұтынушылардың батасын алып жүр. Өнімдері облыстан тыс жерлерге де сатылып жатыр. Эльвира дайындаған буратто сыры, йогурт, айран, қаймақтың дәмін татқан көпшілік күн аралатып қайта келеді.
2019 жылы төртінші баласы дүниеге келгеннен кейін кішкентайлар жиі-жиі ауыратын болыпты. Дәрігерлермен кеңескен, мамандардан ақыл сұраған. «Ауру астан» депті білетіндер. Жалдамалы пәтерде тұратын Эльвира қабырғасымен кеңесе келе, бауыр еті балаларына таза тағам бермек болып талпынған. Әуелі 100 литр сүт сатып алып, сыр қайнатқан. Тырнақалды асы тәп-тәуір болып шығыпты. Дәмін татып көрсе, тіл үйіреді. Ұялмай ұсынуға болатын-ақ тағам. Сенбі күні облыс орталығындағы «Жібек жолы» базарына алып шыққан. Жолы болғанда, саудасы сәтті жүрді. Түп-түгел сатылып кетті. Енді ойланбастан тағы да сүт сатып алған. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы. Шындап кіріссе, өзінің де қолынан келеді екен. Жатпай-тұрмай сүт өнімдерінің түрін көбейтуге ұмтылған. Балаларына да жетіп жатыр. Ақ ішкен соң ажарлары кіріп, оңала бастайды. Көңіліне қуаныш ұялаған.
Ауылдағы әжелеріміз дәмі тіл үйіретін сүзбе жасайтын, жақсылап ұйып тұрған қатықты қапқа салып, арқалыққа асып қойып, әбден сорғытып сүзетін. Ертеректе сүзбе екі түрлі әдіспен әзірленген. Оны тұздап та, тұздамай да дайындайтын. Кеберсіген сүзбе қарынға салынатын-ды. Тұздалған сүзбе көбірек сақтауға, көжеге, сорпаға езіп ішуге, әсіресе ұзақ жолға шыққанда жолаушының жол азығына арналатын. Әрі сусын, әрі адамға күш-қуат беретін әжептәуір қуатты тағам ретінде саналатын. Қаймағы алынбаған қою сүттен ұйытатын. Қазіргі қазақ ауылдарында қойыртпақты күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайтыныңа мен кепіл. Қатыққа, айранға, іркітке сүт немесе су қосып торсыққа құйып, қанжығаға байлап жүріп, далада ішетін тағам.
Қанжығада көп жүріп, әбден шайқалып, бабына келгеннен кейін қойыртпақтың ашыған дәмі әсте білінбейді. Ішуге ерекше дәмді. Асқазанның қорытуына өте жеңіл. Ертеректе оны малшылар, жолаушылар жиі пайдаланатын. Ауылдың ит, мысығын қуалап дамыл таппайтын бізге айналып-толғанып отырып, шалап ішкізетін. Шалап-айранға суық су қосып, сапырып шөлдегенде ішетін сусын.
Осы күні әйелдердің көбі ұмытқан іркіттің өзі бір бөлек әңгіме. Құрт қайнату, майын бөліп алып, іркітін сусынға ішу үшін күбіге жинап қояды да үстіне шикі сүт құйып жинай беретін. Кейін одан құрт қайнатады. Сапырып сусын орнына да ішеді. Әлі есімде, сүттен жасалатын тағамның ішінде быршыма дейтін де түрі болатын. Ол көп тұрып ашып кеткен айран немесе іркіт түрлері. Быршымадан да құрт қайнататын. Әжелеріміздің қаймақтары қандай еді, шіркін! Піскен қаймақ, шикі қаймақ.
Есімізде жүрген естелікті қайта жаңартсақ ұзап кетерміз. Эльвираға оралайық. 2023 жылы Ақмола облыстық кәсіпкелер палатасының шақыруымен «Бір ауыл – бір өнім» байқауына қатысып, үздік үштіктің қатарынан көрініпті. «Осы бір байқау маған кәдімгідей қанат бітірді. Әйтпесе, оған дейін бизнес жоспардың не екенін білмейтін едім. Өзім өндірген өнімді қаптауды да меңгермегенмін. Осының бәрін елге игілігі тиіп тұрған жобаға қатысқаннан кейін үйрендім», дейді.
2024 жылы Эльвира кезекті грантқа ие болды. Бұл жолы – 5 миллион теңге. Қолына қаражат тиген соң 350 литр сүтті қайнатып, сыр жасайтын ыдысты сатып алды. Бүгінде ғимаратты жалға алған. Цех ішінде қажеттінің бәрі бар. Ендігісі адал еңбек қана. Өткен жылдың күзінде Ақтауда өткен халықаралық «Cheese Open 2024» байқауына қатысты. Эльвира байқауға алты өнім ұсынған. Төртеуі марапатқа ие болды. Бір алтын, екі күміс және қола. Енді Францияда өтетін әлемдік байқауға қатыспақ. Бұл байқауда қазақтың дәмін ұсынады. Оның ішінде үміт еткені – түйе сүтінен дайындалған сыр. Сан ғасыр бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық тағамның төрткүл дүниені тамсандыратын реті бар емес пе?
Көкшетау