• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 17:40

«Ұлттық диктант» жобасы басталды

30 рет
көрсетілді

2025 жылғы 5 қыркүйекте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазақстан халқы тілдері күні мен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Астана қаласындағы Назарбаев университетінде «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай және ғалымдар мен сала мамандары қатысты. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен тіл саясатына жауапты қызметкерлер мен білім басқармаларының өкілдері онлайн түрде қосылды.

Жиында ғылым, білім, технология, тіл саясаты мен цифрлық даму мәселелері талқыланып, мемлекеттік тілдің қазіргі ғылыми және цифрлық кеңістіктегі орны мен әлеуеті жан-жақты қарастырылды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мәтінді дыбыстық форматқа айналдыратын «TTS» (Text-to-Speech) жобасын ұсынды. Бұл жоба қазақ тілінің дыбыстық қорын жасанды интеллект жүйесіне енгізіп, оны ғылым мен технология саласында қолдану аясын кеңейтуді көздейді. Қазақша дыбыс моделі әлемдік Hugging Face платформасында жарияланатын болады.

Сонымен қатар, конференция барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Тіл-Қазына» орталығы бірлесіп, «Ұлттық диктант» жобасының ресми басталғанын хабарлады. Оның мақсаты – жазу мәдениетін жетілдіру, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту. Диктант офлайн және онлайн форматта өткізіліп, оған барлық азаматтар қатыса алады.

Конференцияның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығы «Ұлттық диктантқа» қатысты. Шараны белгілі диктор Қымбат Досжан жүргізді. Диктант мәтіні қазақ әдебиетінің классиктерінен алынды. Бұл сынақта баға қойылмайды, әркім өз білімін өзі тексереді.

Онлайн диктантты www.til.kz сайтындағы арнайы парақшада кез келген уақытта орындауға мүмкіндік бар. Қатысушыларға электронды алғыс хатпен қатар KITAP платформасына тегін жазылым беріледі.

Жоба нәтижелері жыл соңына дейін жарияланып, «Ұлттық диктант» дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілмек.