Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті. Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және екі ел арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Мәулен Әшімбаев Моңғолия Қазақстанның өңірдегі сенімді және маңызды серіктесі екенін айтып, елдерімізді тереңнен тамыр тартатын ортақ дәстүрлер мен мәдени-тарихи мұра байланыстыратынын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық мемлекет басшыларының ерік-жігерінің арқасында өзара құрмет пен сенім рухында дамып келе жатқанына назар аударды.
Сұхбат кезінде қалыптасқан қарым-қатынасты арттыру жолында парламентаралық диалогті нығайтудың маңызы және осы бағыттағы міндеттер кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, «Қазақстан-Моңғолия» парламенттік достық тобы аясында салалық комитеттердің ынтымақтастығын кеңейту мәселесіне баса мән берілді.
«Екі елдің Мемлекет басшылары арасындағы құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас Қазақстан мен Моңғолия ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға үлкен ықпалын тигізіп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары барысында Стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен декларацияға, сондай-ақ маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды. Осы орайда біз жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ықпал ету, парламентаралық байланыстарды нығайту және заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу үшін Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралымен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз», дей келе, М.Әшімбаев Моңғолия делегациясын Ұлы Мемлекеттік Хуралдың 35 жылдық мерейлі белесімен құттықтады.
Сонымен қатар Сенат төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларға, сондай-ақ палатаның оларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету бағытындағы қызметіне тоқталып өтті.
Мәулен Әшімбаев рухани дипломатияны дамытудың маңызына да назар аударды. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мақсат-мүдделерін белсенді қолдап, оған елеулі үлес қосқаны үшін Моңғолияның рухани көшбасшыларына ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Дашзэгвийн Амарбаясгалан Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси жаңғыруларға жоғары баға беріп, парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және екіжақты қарым-қатынастың шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге мүдделі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін рухани дипломатияны ілгерілету бағытында қолға алған қадамдары ерекше мәнге ие екенін айтты.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мәселесіне де көңіл бөлді. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия кешені, заманауи технологиялар, ғарышты игеру және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру тетіктері талқыланды. Одан бөлек, сұхбат кезінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер әңгімеге арқау болды.