• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:05

Қазақстан – Қытай: Өзара сауда көлемін ұлғайту – басым бағыт

10 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға сапары Бейжіңде жалғасты. Кеше Президент Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысты. Аталған іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары және бизнес құрылымдарының 500-ден аса өкілі, соның ішінде Қытайдың 70-тен аса ірі корпорациясының жетекшілері жиналды.

Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салды

Айтулы жиында Президент сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныс­тырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, ортақ тарих, терең байланыс пен өзара түсіністік – халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар.

– Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қар­қынды және тиімді түрде дамуда. Бай­ланыс­тарымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Соның арқасында елдеріміз берік әрі сер­пінді іскерлік қарым-қатынастардың ірге­та­сын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласын­­­да­ғы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзинь­пин­нің арқасы. Былтыр біздің елдеріміз ара­сын­дағы сауда айналымы 44 млрд дол­лар­ға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің инвестициялық ықпалдастығы да ұдайы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.

– Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салды. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында «Cnpc», «Citic», «Sinopec», «Huawei» сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпора­ция­лар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Біз бар­лығына ерекше көңіл аударып жатырмыз. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көпсалалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті. Ресми сапарым тиімді, ойдағыдай өтті деп санаймын. Төраға Си Цзиньпин мырзамен өткен келіссөздер нәтижесін өте жоғары баға­лаймын. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын боларына сенемін. Осыған орай, құрметті Си Цзиньпин Төрағаға қазақ-қытай байланыстарын нығайтуға қосып жатқан үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдірдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі басқосу бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға зор септігін тигізері анық.

– Қазіргі таңда Қазақстан тұрақты түрде дамып келеді. Біздің экономикамыз – Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Жалпы, жыл сайынғы өсім қарқынды деп айтуға болады. Осы жылдың соңына қарай ішкі жалпы өнім 300 млрд доллардан асады деген болжам бар. Бұл – экономиканы әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, т.б. үшін қабылданған ке­шенді шаралардың нәтижесі. Сондай-ақ бұл – Қытаймен табысты қарым-қаты­настың айқын көрінісі. Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы мақсатпен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп жатыр. Сонымен қатар Инвестициялық штаб жұмыс істеуде. Бұл құрылым шұғыл шешімдер қабылдап, инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсете­ді. Биылғы маусым айында Төраға Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға сапары барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы визасыз режім де іскерлік байланыс­тарды кеңейтуге тиімді ықпал етуде. Шын мәнінде, біздің стратегиялық серіктестігіміздің әлеуеті зор. Қолда бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалану қажет, – деді Президент.

 

Ықпалдастықты нығайтатын қадамдар

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағытына тоқталды.

– Қазақстан Қытайдың жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын қолдайды және оны жүзеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 па­йызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен қатар Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуе­тін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 млн тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады.

– Атырау облысында «Sinopec» компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы бас­талды. Ауқымды жобаның өндіріс­тік қуаты – жылына 1 млн 250 мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 млрд доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта «CNPC» компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жос­парда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте «China Power International Holding» және «China Energy» сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондыр­ғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба «China Huadian Corporation «компаниясымен бірге жү­зе­ге асырылады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенімізді жеткізіп, аталған саладағы ынтымақтастық мәселесі Төраға Си Цзиньпинмен кездесу кезінде егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты.

– Бұл бағыт бойынша өзара ықпал­дастығымыздың келешегі зор екенін атап өттік. Екі ел осы салада стратегиялық серіктестер болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа «CNNC» компаниясын тартуды көздеп отырмыз. Бүгін осы компанияның басшылығымен кездесу болады. «SANY» компаниясы да біздің нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияларға ризашылығымды білдіремін. Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургия­сы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.

– Бұл іске Қытайдың ірі компания­лары атсалысуда. Мысалы, «Fujian Hengwang Investment» компаниясының Жамбыл облысында металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Зауыт жылына 3 млн тонна болат өндіруге мүмкіндік бермек. Ал «Jiaxin International» компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды. Атап айтқанда, «China Glass» компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды. Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады. Соның ішінде «GWM» (Great Wall Motor), «Chery» және «Changan» көліктері бар. Сонымен қатар Алматыда электробус шығаратын «BYD» компаниясының зауыты іске қосылмақ. Бұл жобалар Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жол ашады. Сондай-ақ еліміздің экспорттық қуатын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жалпы, осындай мысалдар көп, олардың барлығын атап өтуге ұзақ уақыт керек болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы тиімді ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор мүмкіндік бар екенін жеткізді.

– Қазақстан егістік көлемі бойын­ша әлемде алтыншы орында тұр. Сон­дай-ақ бидай экспорты бойынша ең ірі 10 елдің қатарына кіреді. Біз жыл сайын шетелге 10 млн тоннадан аса бидай және 2 млн тоннаға жуық ұн жеткіземіз. Қытай нарығы еліміз үшін өте маңызды. Қазақстан жергілікті нарыққа жылына 2 млн тоннаға дейін астық экспорттай алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен қатар, өңдеу өнеркәсібін бірлесе дамыту біз үшін ерекше маңызды. Бұл ретте «Dalian Group» компаниясының Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын құру бастамасын толық қолдаймыз. «Fufeng Group» компаниясының Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасын құптаймыз. Зауыт өнімдері Қытай мен Еуропаға экспортқа жіберіледі. Біз қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін шығару жұмысына белсене қатысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Бірлескен жобалар игілігі

Президент цифрландыру саласын­дағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ.

– Біз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз. Бұл мәселе бойынша мен кеше тарихи шаһар Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде ашық түрде мәлімдеме жасадым. Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Биыл Қазақстанда аймақтағы алғашқы Суперкомпьютер іске қосылды. Сондай-ақ «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгін «China State Construction Engineering Corporation» компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз оны толық қолдаймыз. Құрылысты тез арада бас­тау қажет деп ойлаймын. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаржы секторын­дағы қазақ-қытай іскерлік байланысын нығайтуға шақырды.

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы тартымды инвестициялық ортаның берік негізі саналады. Бұл орталықта көптеген елдің 4 200-ден аса компаниясы жұмыс істеп жатыр, солардың қатарында 850 қытай компаниясы бар. Қазақстан даму банкі Қытайдың жетекші қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында еурооблигацияны Қытай юанымен (Dim Sum bonds) орналастыра бастады. Бұл Орталық Азиядағы дәл осындай тұңғыш келісім болды. Осы өте маңызды қадам халықаралық инвесторлардың Қазақстанның қаржы жүйесіне сенімін нығайта түсті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауқымды инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасалғанын, ірі жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

– Қытай бизнесінің өкілдері еліміз­ден сенімді серіктестер таба алады. Соны­мен қатар олар аймақтағы және әлем­дегі абырой-беделін күшейтіп, өсіп-өркендеудің жаңа көздерін аша алады. Бұл мәселе Қазақстан Үкіметінің ерек­ше бақылауында болады. Құрметті қытай­лық бизнес өкілдері, Сіздер Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастық­ты одан әрі нығайту ісінде өте маңыз­ды рөл атқарасыздар. Бұл қол жеткізген уағдаластықтар экономикалық байланыс­ты күшейтуге ықпал етіп, елдеріміздің стратегиялық серіктестігіне тың серпін бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Себебі бұл мақсат-міндеттер біздің еліміздің ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан тиісті жобаларды іске асыру барысы еліміздің ең жоғары билігінің назарында болады, – деді Президент.

Жиында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсян, ҚХР Халықаралық саудаға ықпал ету комитетінің төрағасы Жэнь Хунбинь, «Citic Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Си Гохуа, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Нұрлан Жақыпов сөз сөйледі.

 

Жамбылдағы жаңа зауытты іске қосты

Осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы ресми сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсян­мен бірге бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторларына арнал­ған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың алғашқы кешенін салтанатты түрде іске қосты.

Аталған жоба – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «SANY Renewable Energy» компаниясының табысты серіктестігінің нәтижесі. Бұл жел энергетикасына арналған қондырғылар шығаратын әлемдегі ең ірі компанияның елімізде ашқан бірінші кәсіпорны.

Өндірістік база Шу қаласындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын гондола, күпшек, мұнара сияқты жел электр стансасына қажет бөлшектерді шығарады. Жобаны жүзеге асыру еліміздегі жаңа электр стансаларының құрылысын қамтамасыз етіп, «жасыл» энергетиканың дамуына зор үлес қосады.