Мемлекет басшысы өткен сенбіде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін ҚХР-дың Тяньцзинь қаласына барды. Сол күні «Инбингуань» мемлекеттік резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары қазақ-қытай жан-жақты әрі мәңгі стратегиялық серіктестігін нығайту келешегін талқылады.
Еліміздің ең ірі сауда серіктесі
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи Тяньцзинь шаһарында қонақжайлық танытқаны үшін Төраға Си Цзиньпинге алғыс айтты. Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақыруды зор ықыласпен қабыл алғанын жеткізді.
– Біз Сіздің еліңіздің осы ұйымға төрағалық етуін толық қолдаймыз. Ұйымның күн тәртібінде тұрған мәселелерді талқылау жұмысына белсене атсалысып жатырмыз. Сондай-ақ Сізді Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс пен Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы соғыстағы жеңісінің 80 жылдығымен құттықтаймын. Сіздің еліңіз фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Қытай халқы соғыс жылдарында нағыз батылдық, шынайы отаншылдық, қайтпас қайсарлықтың озық үлгісін көрсетті. Мұны бәрі жақсы біледі және жоғары бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Бұл байланыс мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығаюда. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 млрд долларға жетті. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.
– Осы оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Мен осы сапарымның аясында Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысамын. Қытайдың бірқатар ірі компаниясының басшыларымен кездесемін. Биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы екенін ерекше көңілмен атап өткім келеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын нығайтуға қолайлы жағдай жасалған. Соның жарқын мысалы – Қазақстанда Лу Бань зертханасының екінші және үшінші филиалдары ашылатын болды. Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығын ашу туралы шешіміңіз үшін Сізге зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысуға ниет танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Бейжің қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты серіктестігін тереңдетуге айрықша мән береді.
– Араға екі ай салып қайта жүздесіп отырмыз. Бұл қытай-қазақ қатынастарының деңгейі жоғары әрі ерекше сипатта екенін көрсетеді. Сіздің төрағалығыңызбен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті табысты өтті. Біз Қытай мен аймақ елдерінің ынтымақтастық рухына сай келетін және Қытай – Орталық Азия диалогінің жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжаттар қабылдадық. Сондай-ақ қытай-қазақ қатынастарына тың серпін беретін жаңа стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткіздік. Халықаралық ахуал қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан – бір-біріне әрдайым сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер. Екі ел тату көршілік және достық байланыстарға әрқашан бейіл. Біз ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарынан айнымай, тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын құру бағытын ұстанамыз. Түпкі мүддеміз бен басты түйткілдерге қатысты мәселелерде бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар қытай-қазақ қатынастарын мүлдем жаңа деңгейге көтеру үшін сан қырлы ынтымақтастығымызды кеңейтуге ниеттіміз, – деді Си Цзиньпин.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды. Тауар айналымын ұлғайтудың және көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызына назар аударылды.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстанда Лу Бань зертханалары ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі келіссөздерінен кейін Қазақстанда екінші және үшінші Лу Бань зертханаларының ашылу рәсімі өтті.
Бұл жоба Лу Бань зертханасының тәжірибесін тарату жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылды. Ол экономиканың түрлі секторы бойынша тәжірибеге бағдарланған оқыту мен маман даярлауды көздейді.
Екінші зертхана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, ал үшіншісі Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясында ашылды.
Лу Бань зертханасы елімізде алғаш рет инженерлік-техникалық білім беруді дамытуға арналған алаң ретінде 2023 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде құрылған болатын.
Сын-қатерлермен күрес жөнінде төрт орталық құруды қолдаймыз
1 қыркүйек күні «Мэйцзян» конференц-орталығында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-отырысы салтанат құрды. Аталған іс-шарада Қазақстан Президенті сөз сөйлеп, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және тарихы бай Тяньцзинь қаласында жылы қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ризашылық білдірді.
– Құрметті Си Цзиньпин мырза, Сізді және барша қытайлық достарымызды елдеріңіздің Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық етуімен құттықтаймын. Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайды. Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің 80 жылдығы және Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы секілді қос тарихи мерейтой қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі Саммитке ерекше мән береміз. Бұл айтулы даталар барша адамзатқа жер бетіндегі халықтың берекелі өмір сүруіне, бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет етуі қажет. Сондай-ақ тарихи шындықты бұрмалауға жол бермей, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, шынайы құндылықтарды ұстануға үндеуі керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлемдік қауымдастық тиімді, ықпалды әрі қажетті халықаралық құрылым ретінде танитынын атап өтті.
– Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді. ШЫҰ жарғылық құжаттарының негізгі қағидаттарын берік ұстана отырып, Қазақстан «үш зұлымдыққа», яғни терроризмге, сепаратизмге және діни экстремизмге қарсы күресте күш-жігер біріктіруді өте өзекті санайды. Біз жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі үшін халықаралық ынтымақтастық нышанына айналған «Шанхай рухын» одан әрі ілгерілетуді қуаттаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.
– Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогті дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.
– Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық үдерістерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру өте өзекті деп санайды. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ-ның санкциялық қысымға қарсы еркін әрі әділ әлемдік сауданы дамыту бағытындағы нақты іс-қимылын қолдайды.
– ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 млрд доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 млрд долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-транзит саласындағы серіктестікті нығайтуды тағы бір басымдық ретінде атады. Мемлекет басшысы 150-ден аса елдің қолдауына ие болған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының зор әлеуетін атап өтті.
– Бұл жаһандық бастама «Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 трлн долларға дейін пайда әкеле алады. Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндігі мол. «ТрансАлтай диалогі» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады. Ірі жобалар мен жоспарларды іске асыру үшін мемлекеттер арасындағы көлік байланысын нығайтып, транзиттік-тарифтік стратегияға сай келетін тәсілдерді ойластыруымыз керек. Бұл мәселе Ақтау қаласында қараша айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумындағы келіссөздер мен пікірталастарға арқау болуы мүмкін, – деді Президент.
Жасанды интеллект саласындағы байланыс күшейеді
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл істі кейінге қалдыруға болмайды. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетіп, осы сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды.
– Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы – өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз. Қазақстан цифрландырудың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты арттыруды, соның ішінде экономиканың нақты секторларына, денсаулық сақтау ісіне, көлік-логистика саласына, қалаларды басқару жүйесіне «ақылды шешімдерді» енгізуді қуаттайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы нақты қадам ретінде ШЫҰ-ның жасанды интеллект бойынша тұрақты сарапшылар форумын өткізуді ұсынды.
– Алғашқы кездесуді Астанада Digital Bridge беделді форумы аясында өткізуге дайынбыз. Бұдан бөлек, еліміз 2027 жылы «ШЫҰ-ның экономика қызметіндегі жасанды интеллект» тақырыбында жоғары деңгейдегі конференция ұйымдастыруға ниетті. Ал келесі жылы Ұйым елдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірге жаңа технологиялық дәуірдегі ақпараттық саясат проблемаларын талқылауға әзірміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы экология саласындағы ықпалдастықты маңызды міндет деп атады.
– Климат өзгерісі шекара таңдамай, әлемнің көптеген елі мен өңіріне қауіп төндіріп отыр. Нақты қатерлерге, мәселен, шөлейттенуге, құрғақшылыққа, су қоймаларының тартылуына, мұздықтардың еруіне және басқа да экологиялық мәселелерге қарсы күрес стратегиясын бірлесе әзірлеу өзекті. Сондықтан Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толатынын еске салды.
– Халықтарымыздың игілігі жолында шын мәнінде салмақты, жан-жақты пысықталған нәтижеге қол жеткізу мақсатында бұл датаға кеңінен ойластырылған, ұтымды ұсыныстармен келген дұрыс. «Шанхай рухының» жасампаз құндылықтарын ілгерілетуге табанды әрі табысты күш-жігер жұмсағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға тағы да алғыс айтамын. Бүгінгі Саммит халықаралық қатынастар жылнамасына көпжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан нақты шешімдер қабылданған жемісті форум ретінде енетініне сенімдімін. Ол Ұйымның әлеуетін айтарлықтай күшейтетіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта ШЫҰ-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасына және Президент Садыр Жапаровқа табыс тіледі.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мынадай құжаттарға қол қойылды:
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Тяньцзинь декларациясы; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша құжаттарды бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;– Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы;
– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы;
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясын іске асырудың жол картасы;
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Лаос Халық Демократиялық Республикасына Шанхай ынтымақтастық ұйымының диалог бойынша серіктесі мәртебесін беру туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жанындағы байқаушы мәртебесін алуы бойынша шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «Шанхай ынтымақтастық ұйымының серіктесі» мәртебесі туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласын 2025–2026 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялау туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ Бас хатшысының құжаттарға қол қою өкілеттілігі туралы шешімі;– Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының Қытай Халық Республикасына келу шарттары туралы 2004 жылғы 17 маусымдағы келісіміне хаттама;
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығы мен «Росконгресс» қоры арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы баяндаманы бекіту туралы шешімі;– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы баяндамасы;
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2024 жылғы қызметі туралы баяндамасы.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Есірткіге қарсы орталығы туралы келісімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздіктің сын-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталығы жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісім; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуына орай мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің энергетиканы орнықты дамыту бойынша ынтымақтастық туралы мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «жасыл» өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің көпжақты сауда жүйесін қолдау туралы мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің есірткінің әлемдік мәселелерін тиімді шешу және оған қарсы күрес ісіндегі мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық жөніндегі мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің уәкілетті министрліктері мен ведомстволары басшыларының орнықты даму саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту туралы мәлімдемесі; Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының Қытай Халық Республикасына келу шарттары туралы 2004 жылғы 17 маусымдағы келісіміне хаттама.
«ШЫҰ плюс»: Жаһандық диалогті күшейтетін шешімдер қажет
Осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысып, сөз сөйледі.
Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.
– Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен салдары ұқсас. Яғни өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогті күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажет.
– Жақында біз қос тарихи датаны – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеміз. Қытай коммунистік партиясының жетекшілігімен ұлы қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыста жеткен жеңісіне Қазақстанда шынайы құрметпен қарайды. Квантун армиясын талқандау Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойды деуге болады. Оған Ялта конференциясының шешіміне сәйкес Кеңес Одағының әскері де қатысты. Қан майданда миллиондаған адам құрбан болды. Сондықтан аталған мерейтой Жеңістің идеологиялық, саяси аспектілеріне әлемдік қоғамдастықтың, әсіресе, жастардың назарын аударуға орайлы сәт, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет екенін айтты.
– Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының Жаһандық басқару бастамасы саммитінде (Global Governance Initiative) халықаралық қоғамдастықтың даму перспективасына қатысты көтерген ұсынысына жоғары баға беріп, оның ұзақмерзімді сипатына назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған бастама анағұрлым әділ әрі орнықты әлемдік тәртіп қалыптастыруды көздейтін ортақ күш-жігерді толықтыра түседі.
Бұдан бөлек, Президент Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға нақты қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.
– ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы құптаймыз. Оның Ұйымға мүше елдердің экономикасын өркендетуді мақсат ететін пайдалы қаржы институты болатынына сенімдіміз. Қазақстан өңірдегі өзара байланысты одан әрі нығайту ісіне жан-жақты жәрдемдесуге дайын. «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі дамытуға және оны Еуразиялық экономикалық одақпен, сондай-ақ Солтүстік – Оңтүстік, Орта дәліз бағыттарымен ұштастыруға мұқият мән беру қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні қолданудың ережесі мен этикалық стандарттарын әзірлеу өзекті мәселеге айналды. Бұл ретте ол Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құрып, штаб-пәтерін Шанхайда орналастыру ұсынысына қолдау білдірді.
Сондай-ақ Президент климат мәселесіне айрықша назар аударды.
– Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл – Каспий теңізінің мүшкіл халі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды.
– Бұл маңызды әрі айтулы белес Жаңа алтын дәуірдің бастауы болатынына сенімдімін. Осы кезеңде ШЫҰ өз рөлін сөзсіз күшейтіп, заманымыздың ең өзекті мәселелеріне оң ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.