• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 16:45

Байқоныстағы қазақ мектебі «Келешек мектеп» ғимаратына көшті

50 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мектеп оқушылары су жаңа – «Келешек мектеп» ғимаратына көшті деп хабарлайды Egemen.kz.

«Байқоныс ауылында ашылған жаңа мектеп Мемлекет басшысының апатты және үш ауысымды мектептерді азайту тапсырмасы аясында іске асты», дейді облыстық басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.

Жаңа мектеп заманауи білім беру талаптарына толықтай сай келеді. Мұнда STEM, робототехника, визуалды дизайн, хореография кабинеттері, ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған сенсорлық және инклюзивті кабинеттер, кең де жарық оқу бөлмелері, спорт және акт залдары қамтылған.

Бұрын Трекин, қазір Байқоныс аталатын бұл ауылда алғашқы қазақ мектебі 1998 жылы ашылған болатын. Бастапқыда мектеп табалдырығын 62 оқушы аттаса, оралға 11 педагог сабақ берді. 2007 жылы мектеп екі қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Аз уақытта ерекше жетістіктерімен көзге түскен мектеп ұжымы 2018 жылы халықаралық ЮНЕСКО клубтарының қатарына енді. 2021 жылдан бері ақын Қадыр Мырза Әлі есімін иеленген орта мектеп биыл су жаңа «Келешек мектеп» ғимаратына көшіп отыр.

Жаңа ғимарат 600 орынға есептелген, жалпы құны – 4,9 млрд теңге, мұнда 33 оқу кабинеті бар. Кабинеттің барлығы интерактивті тақтамен жабдықталған. Сонымен қатар, тиісті құралдармен жабдықталған бейнелеу өнері, графика және жобалау, дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, үй мәдениеті, информатика кабинеттері, 2 спортзал, кітапхана, 138 орындық акт залы, 176 орындық асханасы бар. Мектеп ауласында балалар ойын алаңы, футбол, баскетбол, жүгіру жолдары алаңдары бар. Биылғы оқу жылында мектептегі 24 сыныптағы 510 оқушы түске дейін, 4 сыныптағы 70 оқушы екінші ауысымда білім алады. Оқыту қазақ тілінде жүреді. Биыл бірінші сыныпқа 50 оқушы, мектепалды даярлық сыныбына 47 бала қабылданған.