Қазір шаруалар ойдың да, қырдың да шөбін орып жүр. Тіпті шөп қорын жылдағы межеге жеткізе алмаған фермерлер малының жартысын сатып жіберген.
«Кейінгі жылдары шаруаларға табиғаттың қабағына қарап жұмыс жасау қиындап барады. Ауа райы бұрынғыдан қатты өзгерді, ашық тұрған күн күрт құбылып шыға келеді. Қазір де тамыз айы әдеттегіден жаңбырлы болып, пісіп тұрған егінді орып алуға қолбайлау болып тұр. Біздің шаруашылық жылда шөптің басым бөлігін сол жайылмалы шабындықтардан дайындайды. Биыл су түспегендіктен ол жерлерге шөп шыққан жоқ. Биыл көлдер мен шағын көлшімектердің, тоғандардың етегіне шыққан шөпті айналдыра шауып алуға тура келді», дейді Нұра ауданындағы «Отқанжар» шаруа қожалығының негізін қалаушы Қанат Отарбаев.
Оның айтуынша, жер мал ұстағаннан тозбайды, керісінше бос жатқаннан тозады.
«Қой жарықтық ғасырлар бойы осы сайын даланы тұяғымен қопсытып, құмалағымен байытып, тұрақты экожүйені қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан түлік. Қой өсіру – ел келешегі. Айналып келгенде, қой бағудан әлі де қашпаймыз», дейді Қ.Отарбаев.
Қуаңшылық Ақтоғай ауданының шаруа иелерін де қос бүйірден қысып отыр. «Жанқұтты» шаруа қожалығының басшысы Азамат Ордабаевтың жеке меншігінде 4 мың гектарға жуық жер бар. Өкінішке қарай, екі-үш жыл болды, бір фермердің жерін бірлесіп шауып отыр. Шөпті тең бөледі. Шабындығы шаруа қожалығынан 45 шақырым жерде.
«Амал жоқ, осы кәсіпті таңдаған соң, қиындығына шыдаймыз. Өзімнің іргемде жеткілікті жер бар. Бірақ қу тақыр. Биыл жылдағыдан ерекше. Сол себепті, Қызыларай ауылына барып, шауып жатырмын. Алыс. Оның шығыны да, бейнеті де бар. Сонда да биылғы қыста жылқы қолға қарап қала ма деген қауіп бар. Бір ғана амал, малымды сатып жатырмын», дейді шаруашылық жетекшісі.
Шөбі құнарлы өскен шаруалар 200–250 килолық рулонды 13–15 мың теңгеге өткізіп жатыр. Шет ауданында әзірге 10 мың теңге. Бір пойыз шөпті 250–300 мың теңгеге сатып жатыр. Бір айта кететіні, шөп саудасы былтырғыдай қызу емес. Әзірге баяу көрінеді. Шөпшілер тапсырыс көп дейді, бірақ дала шөбінің жұтаңдығына байланысты алдын ала ақшасын алып жатқан жоқ.
«Жерді аздырмай, тиімді пайдалану, мал санын ретке келтіру үшін биліктің де, шаруаның да жауапкершілігін көтеріп, міндеттерін бекіту мақсатында жеке қосалқы шаруашылық туралы заңды шұғыл қабылдау керек. Әйтпесе, таяу жылдары қазіргі ауыл маңы жерлерінің қу тақырға айналуы үлкен апатқа әкеліп соғады», дейді ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Ниқанбай Омарханов.
«Мал азығы тапшылығы – кенеттен келген нәубет емес, бұл біраз жылдан бергі мәселе. Мал басының есепсіз көбеюі, төрт түлік мал ұстаудағы тепе-теңдіктің жоғалуы, ұйымдасқан мал бағымының жоқтығы, жерді рационалды пайдалану тетігінің жойылуы, соның салдарынан табиғи шөптің азаюы, жер деградациясының ұлғаюы, ең бастысы облысымыздағы 300 мың гектардан астам көпжылдық екпе шөптер алқабының тозып, өнім бермеуі сияқты тізбекті мәселелер бүгінде мал азығы тапшылығына жеткізді. 2023–2025 жылдарға болжанған және климаттың өзгеруімен дәл келген құрғақшылық жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Бұрын бір жарым-екі жылдық мал азығы қорын жинауға басымдық берілетін. Ол кездерде суармалы жерлер арқылы пішендеме сияқты құнарлы мал азықтары дайындалса, сабан мен жемдік дақылды араластырып кормоцехтар арқылы пісіріп малға беретін. Жыл он екі ай тамағы тоқ мал да өнімді көп беретін, аурудан аман болатын. Қазір малдың да тұқымы азып кетті, өнім өткізу де қиындап кетті. Азық болмаған соң ел де малды жаппай сатып жатыр», дейді агросарапшы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, жемшөп дайындау мәселелерін жедел шешу үшін аудан әкімдерінің орынбасары төрағалығымен өңірлік жұмыс топтары құрылған.
«Жұмыс топтары шөп шабуды ұйымдастыру үшін мемлекеттік және орман қорының жерлерін бөлу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Аудан әкімдіктерімен шөпті шет өңірлерге сатуға шектеу қою, бағасын шектен тыс көтермеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, жеке шаруаларға шөп шабу үшін облыстың 3 орман шаруашылығының жалпы ауданы 21 мың гектар мемлекеттік орман қорынан, оның ішінде 2 мың гектар шабындық, 20 мың гектар жайылымды жалға алу мүмкіндігі қарастырылған», дейді.
Мұндай шаралар бір қыстың ғана шаруасын шешер. Фермерлер осылай дейді. Қысқасы, шабындық пен жайылымға Үкіметтің жаны ашып, кешенді шаралар қолға алынуға тиіс.
Қарағанды облысы