Қазақстан Республикасы Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалимен кездесті. Тәжікстан Парламентінің жоғарғы палатасының басшысы Астанаға ресми сапармен келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Парламент делегациясын қарсы алған Ерлан Қошанов әріптестерін Парламенттің қос палатасы депутаттары сайлауының сәтті өтуімен және жеке Рустами Эмомалиді Тәжікстан Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы болып қайта сайлануымен құттықтады.
«Біздің елдерімізді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық, достық және ынтымақтастық байланыстырады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның тұрақты кездесулері екіжақты ынтымақтастықтың дамуына ерекше серпін беріп отыр. Бүгінде біздің қарым-қатынасымызең жоғары – одақтастық деңгейіне көтерілуде. Осы орайда көшбасшыларымыз қол жеткізген барлық келісімнің жүзеге асуы және халықтарымыз арасындағы достықтың нығаюы үшін біздің парламенттерге берік заңнамалық негіз қалыптастыру міндеті жүктеліп отыр», деді Мәжіліс төрағасы.
Тараптар парламентаралық байланысты одан әрі дамыту мен нығайту болашағын талқылады. Спикерлер көпжақты алаңдардағы ықпалдастық пен достық топтары аясындағы өзара іс-әрекетке айрықша назар аударып отыр. Сондай-ақ депутаттар заң шығару саласында тәжірибе алмасуды тереңдетуге қатысты бірқатар мәселені ортаға салды.
Әңгіме барысында цифрлық инновацияларды дамытуға да баса көңіл бөлінді. Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттарыосы бағытта тәжірибесі бөлісуге дайын екенін айтты. Осы ретте Қазақстан БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамыту индексі бойынша(24-орын) алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына екенін атап өтті. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі. Ал Мәжілісте «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен Цифрлық кодекс бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тәжікстан Парламентінің депутаттары Қазақстандағы әлеуметтік саладағы реформаларға да қызығушылық танытты. Мәжіліс спикері 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік бергенін, сондай-ақ педагогтердің қоғамдағы беделін арттыруға қатысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің әрі қарай жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Өз кезегінде Рустами Эмомали қазақстандық тарапқа қонақжайлық танытқаны үшін алғысын білдіріп, қазіргі уақыттағыпарламентаралық ынтымақтастықтың рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Қазақстанмен екіжақты қатынастарды дамыту – Тәжікстанның сыртқы саясатындағы басымдықтың бірі. Бұл өзара түсіністік, құрмет, сенім және жасампаз әріптестікке ұмтылу сияқты көне дәстүрлерге негізделген. Сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан парламенттері арасындағы байланыстар тиімді парламентаралық іс-әрекеттің үлгісі деуге болады. Осы орайда біздің парламентаралық ықпалдастығымыздың жыл сайын кеңейіп келе жатқаны қуантады», деді Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы.
Рустами Эмомали сондай-ақ сауда-экономика бағытындағы өзара іс-әрекет, инвестициялық қызмет, инновациялар, ауыл шаруашылығы және мәдениет сияқты салаларда екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырудың мүмкіндігі зор екенін атап өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, тараптар бұл ресми сапар екі ел мен халықтарымызарасындағы қарым-қатынасты нығайтудың тағы бір нақты қадамына айналатынына сенім білдірді.