Уақыт ұзаған сайын, соңында іздеушісі жоқ талай жақсының есімі жадымыздан өшіп, көңілімізден көшіп барады. Сондай адамдардың бірі – қуғын-сүргін құрбаны, жазушы, аудармашы, ақын, сатирик, сазгер Қадыр Тайшықов.
Қадыр – Баянауылдағы Әулиелі Қызылтау елінің тумасы және жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының аталас туысы. Жүсіпбектің ұлы атасы Дәндебай мен Қадырдың үшінші атасы Ноғай – бірге туған ағалы-інілі адамдар. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбаларында Қуанбай Танашбайұлы деген кісінің атын бірнеше жерде атап өтеді. Осы Қуанбайдан – Молдабай, Дәндебай, Ордабай, Ноғай атты төрт ұл туған. Жүсіпбек осы Дәндебайға немере болса, Қадыр Ноғайға шөбере. Енді Қадырдың өзіне келсек, өкінішке қарай, ондай қаламгерді бүгінде арнайы ізденген кісі болмаса, көпшілік біле бермейді. Қуғын-сүргінге ұшыраған талай жақсылар ақталып, қатарға қосылып жатқанда, Қадыр Баспақұлы есімі әлі де көзден тасада қалып келеді. Уақытында проза, поэзия, сатира, балалар әдебиеті, көркем аударма секілді жанрларда бірдей қалам тартқан Қадырдың жан-жақты дарын иесі болғанын өзінің замандастары, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев пен жазушы Жайық Бектұров еске алып жазады.
Баянның Қызылтауында 1900 жылы дүниеге келген ол әке дәулетінің арқасында Баянауыл мен Керекудің, Қарқаралының школаларында оқып, біраз білім алады. Бір айта кететін жайт, Қадырдың бұрынғы жазылған өмірбаянында «қызметін 1928–1932 жылдары бастады» деп жазылады. Бірақ ол қызмет жолын одан сәл ертерек бастаған. Атап айтсақ, 1920 жылдардың басында Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл жерінде судья болғанынан хабардармыз. Сол уақытта Қадыр судья хатшысының көмекшісі болған екен. Осылай Қаныштың қасында аз уақыт еңбек етіп, тәжірибе алған Қадыр Семейге барады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ зиялыларының ішінде Семей топырағын баспағаны кемде-кем. Семей ол кезде жарыққа ұмтылған көбелек секілді, ғылым мен білім іздеген қазақ баласының бас қосатын рухани орталығы болғаны әркімге аян. Бұл жерді Қадыр да айналып кете алмаған. Семейдегі мұрағатта Қадырдың губревкомда аудармашы болып істегені туралы құжат сақталған. Күні 1925 жылдың 4 қазаны деп көрсетіліпті. Жиырмасыншы жылдары бұл жерде Нәзипа Құлжанова, Кәрім Тоқтыбаевтармен бірге Жүсіпбек Аймауытұлы да аудармашы болып еңбек еткен. Кейін Жүсіпбек губернияның «киротделіне» Мұхтар Әуезовтің орынбасары болып ауысады. Сол кезде аталас туысы Қадырды өзінің орнына қойып кетуі әбден мүмкін. Қадыр Семейде тек аудармашы болып қана қоймай, тырнақалды туындыларын жазып, сол жердегі басылымдарға берген. Және болашақ аудармашы-әдебиетші осы жерде алғаш орыс тіліндегі құжаттарды тәржімалап, аударма ісінен біраз тәжірибе жинақтаған секілді.
Дегенмен білім алсам, оқысам деп арман қуған Қадыр Семейде көп аялдамай, 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне барып түседі. Бірақ оны аяқтауға мүмкіндігі болмаған. 1928 жылы оның соңынан «бай баласы» деген қағаз келіп, оқудан шығарылады. Сөйтіп, Ташкенттен қайтып келгесін, оның тұтқындалғанға дейінгі 9 жылдай ғұмыры тек әдебиет пен баспасөз төңірегінде өткен. Сол жылдары Қадырдың сатиралық әңгімелері, өлеңдері «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеттерінде, «Жаршы», «Жаңа әдебиет», «Балға» журналдарында үзбей жарияланып тұрады. 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газеті сатиралық шығармаларға арнайы конкурс жариялап, оған 103 фельетон түсіп, соның 12-сі бәйгеге іліккен екен. Осы дүбірлі жарыста бас бәйге – «Мұсылман ұлының қамшысы», «Үш тарау», «Меруерттің сыры» атты туындылары үшін Қадыр Тайшықовқа беріледі. Екінші бәйгені Аманғали Сегізбаев алса, үшінші бәйге Бейімбет Майлинге тиіпті.
Қадырдың өндірте айналысқан бір саласы – көркем аударма. Сол уақытта ол Н.Гогольдің «Өлі жандар», «Шинель» секілді шығармаларын, Д.Фурмановтың «Чапаев» романын, А.Чеховтің, М.Зощенконың әңгімелерін, М.Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты туындысын аударады.
Қадырдың аударма саласындағы аталмай жүрген тағы бір еңбегі – М.Шолоховтың «Көтерілген тың» романы. Осы эпопеяның бірінші томын ол белгілі аудармашы Хасен Өзденбаевпен бірігіп аударған. Бүгінде Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында Қадырдың сол уақытта шыққан кітаптарының бір-бір данасы сақтаулы. Мен сол жерден «Көтерілген тыңның» қазақша аудармасын тауып алып, бетін ашсам, «аударғандар: Х.Өзденбаев... деп» және екінші бір адамның аты-жөні қара бояумен сызылып тасталыпты. Қалта орамалымды сулап алып, ақырындап бояуды өшіріп көріп едім, астынан «Қ.Тайшықов» деген жазу шыға келді. Сол кездегі қатыгез саясат еш жазығы жоқ азаматтың аты-жөнін өзі аударған кітаптардың бетінен де өшіріп тастаған екен.
Бұдан бөлек, 1935–1937 жылдары Қазақстан көркем әдебиет баспасынан Қадырдың «Күлмеске не?» деген сықақ әңгімелер мен фельетондар жинағы және «Октябрь ұшқыны», «Аңшы Қалжан» атты позалық кітаптары басылып шығады.
Осылай әдебиет пен баспасөз саласында аз ғана уақыт қана еңбек еткен Қадыр «ұлтым» деген талай жақсының жолын кескен қуғын-сүргіннің қанды қасабынан аман құтыла алмайды. 1937 жылдың желтоқсан айында жаналғыштардың құрығына ілініпті.
Біздіңше, соңында мол мұра қалдырған Қадыр Тайшықов жан-жақты зерттелуі керек.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері