• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:52

Жапония Орталық Азиямен диалогті жандандыра түспек

20 рет
көрсетілді

Орталық Азия мен Жапония осыдан жиырма жыл бұрын басталған диалогті одан әрі дамытуға ниетті. Күншығыс елі – аймақтың маңызды инвесторы ғана емес, сонымен қатар технология генераторы болып келді, ал қазір сенімді стратегиялық әріптесі. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге алғашқы ресми сапармен келген Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Иваямен келіссөз жүргізіп, бірқатар келісім жасасты.

– Әріптесіммен өңірлік және жаһандық өзекті тақырып­тар бойынша жан-жақты пікір алмастық. Көптеген халықара­лық мәселе бойынша Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ұқсас. «Орталық Азия және Жапония» диалогін одан әрі дамы­туға өзара ниетімізді раста­дық. Биыл Хирошима мен Нага­саки қасіретіне 80 жыл, ал келесі жылы Семей полигонының жабылуына 35 жыл толады. Осыған орай біз ядролық сынақтардан зардап шеккендерге жәрдемдесу мақ­сатында Қазақстанға қай­тарым­сыз грант бөлу туралы үкі­мет­аралық құжатқа қол қойдық, – деді СІМ басшысы БАҚ өкіл­деріне арналған брифингте.

Үкімет таратқан ақпарат­қа сәйкес, Жапониядан еліміз­ге 9 млрд доллар тікелей инвес­ти­ция тартылған. Қазір ел нары­ғында «Mitsubishi», «Sumitomo», «Marubeni», «Mitsui» секілді корпороциялар табысты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы өзара екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларды құраған.

– Біз үшін Жапония – металлургия және мұнай-химия өнімдерінің дәстүрлі нарығы. Осы басқосуда галий, марганец сульфаты сияқты бірқатар түсті металдарды экспорттау бо­йынша ұзақ мерзімді келісімдер жасау туралы ортақ перспективалар бар. Көлік және логистика саласына баса назар аударылды. Бұл тұрғыда Жапонияның үкіметі «Орта дәліз» бағыты бойынша Ақтау портындағы кедендік қызметтерді цифр­лан­дыруға қолдау білдірді, – деді М.Нұртілеу.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, атом энергетикасы, ядролық отын өндірісі мен экспорты, ядролық медицина салаларында бірқатар бірлескен жұмыс жолға қойылған. Мәсе­лен, елімізде жасыл тран­с­фор­мация мен жоғары техно­логияларға қажетті сирек әрі маңызды элементтердің қоры мол. Жапонияға «жасыл» технологияларды өндірісіне қажетті 32 шикізаттың 22-сі елімізде өндіріледі. Осы бағытта «Тау-Кен Самұрық» және Жапонияның мұнай, газ және металл корпорациясы «JOGMEC» арасында нақты инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ.

СІМ басшысы екі арада мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тар да жылдан-жылға дамып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінде жүзден аса отандасымыз Күншығыс елінің ең ірі университеттерінде білім алып жатыр. Алдағы уақытта Жапонияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалдарын ашу жоспарда бар.

– Сонымен қатар Жапо­ниямен азық-түлік қауіпсіздігі, өндірістік кооперация, фармацевтика, адам ресурстарын және ақпараттық технологияларды дамыту сияқты салаларда әлеуеті аса мол. Осы салаларды да дамытуға ниеттіміз, – деді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде Жапония Сыртқы істер министрі Т.Ивая құқық үстемдігіне негізделген еркін және ашық халықаралық тәртіпті сақтау мен нығайту­дағы стратегиялық серіктес Қазақстанмен ынтымақтастық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

Сонымен қатар екі министр төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған өзара ынтымақтастықты да талқылады. М.Нұртілеу осы сәтте Жапония үкіметіне су тасқынына қарсы жүйелерді дамытуға арналған қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Екі елдің Сыртқы істер ми­нистр­лері кейінге шегерілген «Ор­та­лық Азия + Жапония» диалогі мен саммитін мерзімінен бұрын өт­кізуге келісті. Айта кетсек, Ас­танада сыртқы істер министр­лері­нің қатысуымен «Орталық Азия + Жапония» форматындағы бірінші мемлекетаралық кездесу 20 жыл бұрын, 2004 жылы өткен еді.

Сондай-ақ екі елге туристерді көптеп тарту мақсатында келесі жылдың көктемінде «Алматы-Токио» (Нарита әуежайы) тіке­лей әуе рейсін ашу жоспарланып отыр.