• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Тамыз, 2025

Орақ науқанына сақадай сай

50 рет
көрсетілді

Биыл астықты алқаптар көз қуантады. Масағын әзер көтерген сабақтар сыңсып тұр. Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы ақық дән өсірілген ұшы-қиыры жоқ алқаптарда ел ырыздығының мол екенін аңғаруға әбден болады.

Зеренді ауданындағы «Вик­тровка» серіктестігінің 23,6 мың гектар жері бар. Оның 17,8 мың гектары – егістік алқабы. 6,8 мың гектар жайылым тұяқкес болмаған, алуан түрлі шөпке тұнып тұр. Егістік алқаптар­да бидай, арпа, сұлы, бұршақ дақылдары, зығыр және мал азы­­ғына қажетті шөп егіледі. Диқандар техника паркін сақа­дай сай етіп дайындапты. Ас­тық кептіргіш құрылғылар, механи­каландырылған қырман да да­йын­далған. Серіктестік мемле­кет тарапынан көрсетіліп жат­қан көмекке разы. Көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде жеңілдетілген бағамен қажетті жанар-жағар­майын алады. Шаруашылық бас­шысы Виталий Гончаровтың айтуынша, биыл алғаш рет қант қызылшасын егіпті.

«Таңсық шаруаны бастадық, – дейді Виталий Гончаров. – Қара жердің қойнына дән еккен диқан жемісті еңбегіне сай нәтижеден де дәмелі болады емес пе, гектарынан 30 тоннадан өнім жинасақ деп отырмыз».

«Журавлевка-1» серіктестігі 122,8 мың гектар алқапқа дәнді, майлы, бұршақ дақылдары, картоп және көкөніс еккен.

«Егін орағы өте жауапты нау­­қан, – дейді шаруашылық бас­­шысы Қуантай Сұлтанов, – мем­­ле­кеттік қолдаудың арқа­сын­да­ машина-трактор паркінің 90%-ын­ жаңарттық. Су жаңа 64 комбайнымыз бар. «Кең дала» бағ­дар­ла­­масымен 6 млрд теңге­ден астам қа­­ражатқа тыңайт­қыш, жа­нар-жа­ғармай, техника са­тып ал­дық. Биыл егін бітік өсті. Өткен жылы гектарына 18 центнерден өнім алсақ, биыл 23 центнерден бұ­йырар деп дәмеленіп отырмыз».

Ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Ренат Қасеновтің айтуынша, өңірдегі егін 5,3 млн гектар алқапта өсіріліп жатыр. Ал­қап көлемі 2024 жылмен салыс­тыр­ғанда 128 мың гектарға көп.

«Алдын ала болжамға қара­ғанда, егістік алқаптардың 80%-ын­дағы жағдай жақсы. Аг­ро­­тех­никалық шаралар уақы­тылы жүргізілген. 4,2 млн гектар жерде арамшөпке қарсы өңдеу жұмысы жүргізілді. Топыраққа 273 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Осы ауқымды жұмыстың бар­лығы жеңілдетілген несие беру бағдарламаларының арқа­сын­да атқарылды. – дейді Ренат Қасенов. – Биыл 905 фермер 116 млрд теңгеден астам қаражат көлемінде қолдауға ие болды.

Ауыл шаруашылығы минис­трлігі Стратегия департаменті директорының орынбасары Арайлым Әлімбекованың айтуына қарағанда, биыл аграршылар­ға жеңілдетілген несие есебінде ­700 млрд теңге қаражат бөлін­ген. Жеңілдетілген лизингке 250 млрд теңге қарастырылған. Биыл елдегі ауыл шаруашылы­ғы дақылдарын жинау аумағы – 23,6 млн гектар. Оның 16 млн гектары – дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдар. Егіншілік департаменті басқармасының басшысы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, биылғы орақ науқанына 38 мың комбайн, 138 мың трактор және 50 мың орақ қатысады. Әр литрі 274 теңге болатын ­402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініпті. Бұл нарықтық бағадан 20%-ға арзан. Өткен жылдан бастап жеңілдетілген техника лизингі бағдарламасы іске қосылды. Әзірге 250 млрд тең­генің жартысы игерілген.

 

Ақмола облысы