Бұл алаңдауға тұрарлық жайт дейді сала сарапшылары. Қазір Қытайда – 194 млн, Үндістанда – 75 млн, Аустралияда – 70 млн, Иранда – 55 млн, Нигерияда 50 млн қой бар. Біздегі қой басы 21 млн-нан асады. Қойға қатысты түйткілді мәселелер Орал қаласында тұңғыш рет өткен «Auyl Fest. Қой шаруашылығы-2025» халықаралық форумында айтылды.
«Ауыл шаруашылығы – Батыс Қазақстан облысы экономикасының тірек саласы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі форумның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту арқылы патриотизмді нығайту, қой шаруашылығын танымал ету арқылы ауыл халқының жұмыспен қамтылуын, табыс деңгейін арттыру», деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
«Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың сөзінше, одақ тарағаннан кейін шаруашылық құлдырап, мал тұқымын асылдандырумен ешкім айналыспады.
«Малдың жүні мен терісі далада қалды. Қой етін өз бағасына өткізу де қиын, көбіне делдалдар алып кетеді. Міне, осындай көкейкесті мәселелерді талқылап, форум қорытындысына сәйкес Үкіметтің алдына мәселе қоямыз», дейді С.Егізбаев.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, елдегі 21,1 млн бас қойдың 3,1 млн-ы ғана асыл тұқымды. 2024 жылы 132,7 мың тонна қой еті өндіріліп, 18 мың тонна ет экспортталған: 13 892,5 тоннасы – Өзбекстанға, 1 241,3 тоннасы – БАӘ-ге, 1 161 тоннасы – Иранға, 494,5 тоннасы – Қатарға, 410,9 тоннасы – Кувейтке, 163,3 тоннасы – Сауд Арабиясына, 112,1 тоннасы – Ресейге, 51 тоннасы – Тәжікстанға, 22,2 тоннасы – Қырғызстанға, 16,6 тоннасы – Сирияға, 1,7 тоннасы Иорданияға жіберілген.
«Мал шаруашылығын субсидиялау аясында қой шаруашылығын дамытуға жыл сайын 15 млрд теңге бөлінеді. Алты бағыт негізінде субсидиялау қарастырылған», деді вице-министр.
Франция мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы бойынша халықаралық техникалық сарапшы Венсан Берже Францияда қойдың 59 тұқымы өсірілетінін, соның ішінде Қазақстанның қатал климатына бейім түрлері бар екенін айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді. Ресейдің Волгоград облысынан келген «Волгоград Еділбай» ЖШҚ директоры Ерагый Гишларкаев қой шаруашылығын дамытуда ешбір елде түйткіл болмауға тиіс деп санайды. Ең бастысы – нарық заңдылықтарын дұрыс жолға қоя білу. Кезінде Батыс Қазақстан облысының Бірлік мал зауытынан алған еділбай қойын өсіріп, үлкен шаруашылыққа айналған бұл компания бүгінде Ресейдің 47 өңіріне, Армения мен Грузияға, тіпті Қазақстанның да кей жеріне асыл тұқымды еділбай қойын экспорттайды.
Ветеринария ғылымдарының кандидаты Айнагүл Бегенова еділбай қой тұқымының қазақ даласының кез келген түкпірінде теңдессіз нәтиже көрсететінін айтады. 2021–2025 жылдары аралығында «Qazaq Steppe Sheep» ЖШС базасында атқарылған ғылыми зерттеу осыны көрсеткен.
Солтүстік Қазақстан облысынан келген Асылбек Айкенов басқаратын «СК Протеин» ЖШС малдың терісі мен жүнін өңдеп, мал азығы қоспаларын дайындайды. «ProtSAN» деп аталатын қоспа малдың, құстың, балықтың иммунитетін, денсаулығын күшейтіп, ет сапасын арттырады. Бордақылау мерзімін де қысқартады. «ProtSAN» жеген сиыр тәулігіне 2,13 кг салмақ қосады. Қой малы әдетте күніне 300 грамм салмақ қосса, біздің қоспа тәуліктік салмақты 600 грамға дейін жеткізеді», дейді кәсіпкер. Бұл зауыттың филиалы Батыс Қазақстан облысында ашылуы мүмкін. Нариман Төреғалиев те кәсіпкердің сөзін растап, барынша қолдайтынын жеткізді.
Өңірде өзінің «Persist Kazakh K&K» ЖШС кәсіпорнын тіркеген ирандық бизнесмен Мири Сеид Мохаммад Сеид Камаль теріні wet-blye және crust деңгейінде өңдеп, тапсырысқа сай әрлеуге дайын жартылай фабрикат шығармақ. Одан өзге, кәсіпорын жылына 100 мың бас малды адал сойып, 2 мың тоннаға дейін етті экспорттауға ниетті. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, облыс аумағындағы қойдың 60%-ы немесе 708 мыңы – агроқұрылымдарда, 40%-ы (469 мыңы) – жеке шаруашылықтарда.
«Былтыр Батыс Қазақстан облысында өндірілген 7,3 мың тонна қой еті өңірді қамтып қана қоймай, шетелдер мен өзге өңірлерге де жөнелтілді. 2024 жылы 400 тоннадай қой еті мен 4 мың бас қой Әзербайжан, Өзбекстан және Иранға сатылды. Еліміздің басқа аймақтарына 125 мың бас қой тірідей әкетілді», дейді Ж.Халиуллин.
Біз білетін тарихта 1975 жылы еліміздегі қой саны 35 млн-нан асса, 1984 жылдың басында 36 млн 568 мың қой болған екен. Елдегі зоотехникалық шаралар нәтижесінде 1980 жылы қой 100% асыл тұқымды мал тобына жатқан көрінеді. Уақ малдан алынатын ет өнімдері 1981–1983 жылы орта есеппен 493,3 мың тоннаға жеткен. Қазақ шопандары КСРО-дағы еттің 30%-дан астамын, ал сол кездің өлшемімен бағасы алтынға пара-пар болған қаракөл елтірісінің 33%-ын өндірген. Ал қазіргі жағдай қандай? 2024 жылы еліміз экспортқа 17,6 мың тонна ғана қой етін шығарыпты. Мамандардың есебінше, еліміз жылына 400 мың тонна қой етін өндіруге қабілетті. Ішкі сұраныс 200 мың тонна шамасында болса, жылына 200 мың тонна қой етін шетелге шығаруға болар еді. Мәселен, іргедегі Қытай жылына 350 мың тоннадан астам қой етін шетелден алдырады. Шекара түбінде осындай түмен тұтынушы тұрғанда, бізде Шопан ата түлігінің болашағы жоқ деу қисынсыз сияқты.
Батыс Қазақстан облысы