Бүгінгі таңда медицина саласының қызметкерлеріне күш қолдану деректері жиілеп кетті. Осы олқылықтың алдын алу үшін Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті бірлесіп, емдеу мекемелеріне полиция бекеттерін орналастырды, деп жазады Egemen.kz.
Енді тәртіп сақшылары мегаполистегі №1 клиникалық аурухананы, №2 және №3 қалалық ауруханаларды, перинаталдық орталықты, қалалық перзентхана мен балалар ауруханасын күзететін болады.
Полиция бекеттерін ұйымдастыру бұзақылық оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқанымыздай бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғаларының көбеюіне байланысты қабылданды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма бергенін де айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында», «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы» мен «Хадиша» емханасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, тәртіпті сақтау үшін медициналық мекемелерді бақылауға алу туралы жергілікті полиция департаментіне хат жолдады.
ШЫМКЕНТ