Бүгінде АИТВ-инфекциясы диагностикасының жаңа, өзін өзі тестілеу әдісі енгізілуде. Енді АИТВ-жұқтыру қаупі жоғары адамдар сынама тапсырып, 20 минут ішінде нәтижесін біле алады. Мұны істеу үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Бұл диагностикалық әдіс Шымкент қаласының тұрғындары үшін де қолжетімді, деп жазады Egemen.kz.
Қалалық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қ.Машировтың айтуынша АИТВ–инфекциясын ерте анықтау науқастың өзі үшін де маңызды. Өйткені ол антиретровирустық (АРВ) препараттары қабылдауды уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар вирустың басқа адамдарға берілуін тоқтатуға көмектеседі. АИТВ-ға жылдам тестілер – скринингтік диагностикадағы нағыз жетістік.
«АИТВ-ға экспресс-тесттер – бұл қанда, қан сарысуы мен плазмада, сілекейде вирусқа антиденелердің болуын анықтайтын арнайы тест жүйелер. Егер стандартты зертханалық зерттеулер нәтижелерін 2-3 күн күту қажет болса, - экспресс әдістер бар болғаны 15-20 минут ішінде адамның АИТВ статусын білуге мүмкіндік береді. Оларды медициналық ұйымдарда да, өзін-өзі диагностикалау үшін үйде де жасауға болады» деді Қ.Маширов.
Жалпы елімізде АИТВ-мен күресу жол картасында 95-95-95 стратегиясы қабылданған. Яғни 2030 жылғы қарай, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95% өз статусын білуі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін халықтың негізгі топ өкілдеріне АИТВ-ға тестілеуден өту қолжетімділігін одан әрі арттыру және өзін-өзі тестілеуді кеңейту қажеттігін атап өтті маман.
Сондай-ақ бұл әдіс жастарға, әртүрлі себептермен, соның ішінде кемсітуден ұялып, медициналық ұйымдарға барудан бас тартып жүрген адамдарға, өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупіне ұшыраған халық топтарына өте қолайлы. Қазіргі таңда ЖИТС орталығының мамандары өзін-өзі тестілеуді АИТВ–мен өмір сүретін адамдардың жұбайларына да ұсынып жатыр.
ШЫМКЕНТ