Айша қоршаған ортадағы әр құбылысты асқан сезімталдықпен қабылдайды. Алған әсерін сурет арқылы шынайы әрі нәзік жеткізеді. Оның әрбір туындысы – жан әлемінің үнсіз әңгімесі, бояулармен өрілген жүрек сөзі.
Айша Бақтығұл – инклюзивті өнердің өкілі. Қаршадайынан қылқаламды серік еткен оның шығармашылығы ерекше жандардың да өнер арқылы өз орнын таба алатынын дәлелдейді. Ішкі әлемін, өмірге көзқарасын қылқалам арқылы көрсететін кейіпкеріміздің қолтаңбасы қаншама жанға үміт пен шабыт сыйлайды.
Жақында суретшінің «Нүкте мен сызық» атты көрмесі өтті. Осынау айрықша көрме ұстазы Арыстанбек Шалбаев екеуінің үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Көрме – тек өнер мерекесі ғана емес, алматылық ерекше жандардың шексіз мүмкіндіктерін паш еткен оқиға болды.
Айшаның суретшілік жолы пандемия кезінде басталған. Үйде оқшаулану кезеңінде ол сурет салуға ден қойып, бұл өнер түрі оның өзіндік қарым-қатынас тіліне айналса керек. Анасы Әлия Сандыбайдың айтуынша, Айша аз сөйлесе де, өз ойын, сезімін сурет арқылы жеткізеді.
Суретші Арыстанбек Шалбаевпен таныстығы Айшаның шығармашылығына жаңа серпін берген. Бір жыл көлемінде олар 60-тан астам туындыны дүниеге әкелген. Ұстазы Айшаның суреттерін жүрекпен жазылған туындылар деп сипаттайды. Оның айтуынша, Айша бояулар мен сызықтарды терең түсініп, ішкі дүниесін кенеп арқылы көрсетеді.
«Нүкте мен сызық» – шәкіртімнің алғашқы жеке көрмесі. Көрмеде акрилмен, майлы бояумен, қаламмен, фломастермен салынған түрлі туындылар ұсынылды. Әр сурет – Айшаның ішкі әлемінің көрінісі, оның өмірге деген көзқарасы мен сезімдерінің бейнесі», дейді А.Шалбаев.
Ерекше жандардың өнерден өріс табуы – қоғамның рухани жетілуінің көрінісі. Өнер шекарасы жоқ шексіз әлем десек, сол кеңістікте Айша арманын еркін өрбітіп, өз әлемін сомдайды. Оның әрбір суреті – үнсіз тілдескен үміт, төзім мен шабыттың біртұтас бейнесі. Айшаның өнері – тек қылқаламмен салынған сурет емес, ол – өмірге деген махаббаттың бояулы өрнегі.
«Айша әлемге өзгеше қарайды, түйсігімен таниды, жүрегімен сезеді. Оның жан дүниесіндегі тазалық пен сезімталдық суреттерінен сыр шертеді. Әдеттегі көркем образдардан гөрі, туындыларында үнсіз сөйлейтін бояу, жарық пен көлеңкенің тілі бар. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың бірі бола тұра, ол өнерден өз өрісін табуға талпынады. Арманын қағаз бетіне бояумен өріп, болмысының байлығын қылқалам арқылы паш етіп жүр. Айша салған суреттер – қоғамның үні. Ол өмірді өзгелерден де тереңірек қабылдайды. Жаны нәзік, жүрегі кең суретшінің өнері тек бейнелеу емес, болашаққа бағытталған ішкі дауыстың көрінісі. Қоғамда Айша сынды талантты жандардың танылып, сондай-ақ табысқа жетіп жатқаны – рухани дамудың өлшемі. Ерекше жандарға қолдау көрсету арқылы біз тек әлеуметтік әділеттілікті емес, адамзаттың ең асыл қасиеттерін: жанашырлықты, мейірімділікті, шабытты ұлықтаймыз. Олардың әлеуетін тану – адамгершілік парызымыз», дейді өнертанушы Мөлдір Сағындықова.