• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 11:45

Берденовке оқ атқан Ернар Жиембай сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді

20 рет
көрсетілді

Бірнеше айдан бері қоғамда қызу талқыға түскен Берденов пен Жиембайға қатысты іске ақыры нүкте қойылды. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинұр Қарабаев 20 тамызда Ернар Жиембайды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Сотта Е.Жиембай үкіммен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сотта қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ернар Жиембай жеке бас араздығы салдарынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті алкогольді ішімдік ішкен масаң күйде қасақана өлтіруге оқталып, аңшы мылтығынан 5 рет оқ атқаны айтылды. Сондай-ақ сот тергеуінде сотталушының оқ дәрілері таусылуына, жәбірленушінің оған қарсылық көрсетуіне және қасындағы адамдары көмекке келуіне байланысты Е.Жиембай қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмағаны анықталды.

Соттың бұлай үкім шығаруына сотталушының өз қылмысын мойындауы, жәбірленушінің және куәгерлердің жауаптары, заттай айғақтар, бейнежазбалар мен сот сараптамаларының қорытындылары дәлел болып табылады.

Судья сотталушының өз кінәсін ішінара мойындайтындығы, оған шын жүректен өкінетіндігі, бұрын сотты болмағандығы, асырауында 2 жас баласы бары жеңілдететін жәйт ретінде жаза тағайындағанда ескерілгенін атап өтті. Керісінше алкогольді ішімді ішіп масаң күйінде қылмыс жасағаны жазаны ауырлататын себеп болды.

Сот Е.Жиембайға 9 жыл мерзімді қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Оған дейін сотталушы Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасына шағым түсіруге құқылы. Сондай-ақ ол жәбірленушіге келтірген шығындарды толық өтейтін болады.

Сотта Е.Жиембай үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Ол қылмысты өлтіру мақсатында жасамағанын айтты. Тек қасақана денсаулығына ауыр зиян келтіру үшін жасадым деді. Сондықтан қылмыстық кодекстің 106-бабымен жаза тағайындалғанын күтіпті. Сотталушы өз сөзінде мұндай қадамға Руслан Берденовтің дөрекі мінезі мен көрсеткен жаман қылығы үшін барғанын жасырмады. Е.Жиембайдың айтуынша Р.Берденов көмекшісіне дөрекі сөйлегені үшін оны соттатамын деп қоқан-лоқы көрсеткен. Жеке кабинетіне шақырып алып, шашың түсіп қалған, киімің нашар деген секілді намысқа тиетін сөздер айтқан.

Е.Жиембайдың әкесі Жиембай Пірәлиев те аппеляциялық шағым түсіру жөнінде ақылдасатынын мәлімдеді. Сотталушының әкесі Р.Берденовтің өз лауазымын пайдалануда шектен шығып, баласының әбден намысына тиіп, осындай әрекет жасауына итермелегінін баяндады. Е.Жиембайдың әйеліне Р.Берденовтің әлеуметтік желіде лайк басып ашық қырындағаны рас па деген сауалға әкесі «бұл мәселе құпия күйінде қалсын, балам да көп нәрсені айта алмай бәрі ішінде кетті. Отбасының абыройы біз үшін бәрінен биік. Бірақ келінім адал» деп жауап берді. Сондай-ақ Ж.Пірәлиев сот тергеуінде біраз дәлелдемелер ескерілмегенін мәлімдеді.

«Тергеу біржақты өтті. Оған біз қатыса алмадық. Біздің айтуымызбен жәбірленушінің костюмі 45 күнде табылды. Р.Берденов көптеген жарақат алды делінген. Алайда денесінен 3-ақ бытыра оғы алынған. Менің балам оның басыма қару тақамаған. Ол сот-сараптама орталығының қорытындысында да, бейнежазбада да жоқ. Ернар қалалық чемпионаттарда кезінде жүлде алған боксер. Қарумен атуды да үйренген. Егер шын мәнінде ниетінде өлтіру болса ол сол ойын іске асырар еді. Бірақ оның мақсаты денесіне жарақат салу ғана болды. Сондықтан қылмыстық кодекстің 106 бабы бойынша үкім шығу керек еді. Р.Берденов «маған атылған оқ бүкіл мемлекеттік органда істейтін азаматтарға атылғанмен бірдей» деп бұл істі саясиландырғысы келеді. Олай ойлаудың керегі жоқ. Бұл жерде тек жеке бас араздығы жатыр. Ал Р.Берденов сол арқылы қоғамның көңілін аулағысы кеп тұр» деді Ж.Пірәлиев.

Өз кезегінде сот отырыстарында жәбірленуші Р.Берденов Е.Жиембайдың барлық айыптауларын жоққа шығарған еді. Оның айтуынша ол Е.Жиембайдың жеке өміріне ешқашан араласқан емес. Әйелін тіпті танымайтынын да мәлімдеді. Р.Берденов баяндағандай Е.Жиембайға айтылған сын тек жұмыс мәселесіне қатысты болған. Өйткені оның пікірінше «Тұрғын үй Шымкент» серіктестігі шын мәнінде өз қызметінде көптеген кемшіліктер мен сапасыздыққа жол берген. Сондай-ақ Р.Берденов өз сөзінде лауазымды қызметкерлер кабинетінде тыңдау құрылғылары болатынын, әр сөз жазылатынын сондықтан этикаға жатпайтын әңгімелер айтпау керегін білетінін атап өткен еді.

Шымкент