• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Фотогалерея Кеше

Ғасырлық тарихты сөйлеткен суреттер

30 рет
көрсетілді

Ғасырдан астам тарихы бар Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі мерейтойын ерекше форматта атап өтті. Фотокөрмеге агенттіктің қорынан алынған сирек кадрлар қойылып, жұртшылық өткен дәуір тынысымен танысуға мүмкіндік алды, деп жазады Egemen.kz. 

Алғашқы қазақ ақпарат агенттігі 1920 жылы Орынбор қаласында РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде ашылған еді. Агенттік ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде мүлтіксіз еңбек етіп келеді.

«ҚазАқпарат агенттігінің» 105 жылдыға орай ұйымдастырылып отырған көрмеде 1930 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі ел өміріндегі маңызды оқиғаларды түсірген агенттік тілшілерінің бірегей мұрағаттық және эксклюзивті фотосуреттері қойылған. Көптеген фотосуреттер алғаш рет қалың оқырманға ұсынылды.

Көрме материалы алты бөлімнен тұрады: 1928-1959 жылдардағы және екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақстан; 1960-1985 жылдардағы ірі құрылыс жобалары, қалалар мен аудандардың экономикалық дамуы, Алматы мен Астананың соңғы 40 жылдағы шежіресі, әлеуметтік-мәдени өзгерістер, сондай-ақ мемлекеттің даумына үлес қосқан көрнекі тұлғалардың портреттері.

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары, мультимедиялық контент өндірісі қызметінің бас редакторы Владимир Геннадьевичтің айтуынша, бұл тек Қазақстандағы ғана емес, ТМД кеңістігі мен әлемдегі ең көне агенттіктердің бірі.

«Фотокөрме бірнеше тақырыптық блоктан тұрады. Олардың ішінде ұжымдастыру кезеңі, еңбек адамдарының бейнесі, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, мәдениет қайраткерлеріне арналған сирек суреттер және қазіргі дәуірді қамтитын материалдар бар. «Барлық экспонаттар архивтен іріктелді. Мыңдаған суреттердің ішінен 3000-ы таңдалып алынып, көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар агенттік басшылары мен ардагерлеріне арналған бөлек бөлім әзірленген», деді ол.

Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан көрменің басты ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, мұнда ұсынылған суреттер халық назарына алғаш рет шығып отыр.

«Соңғы екі жылда Ресей мен Қазақстан мұрағаттарында ауқымды ізденіс жұмысы жүргізіліп, он мыңнан астам фото мен құжат жиналды. Бұл тек суреттер ғана емес, бұл – Қазақстанның соңғы жүз жылдық тарихының айнасы. Көрмеде соғыс пен соғыстан кейінгі кезеңдер, индустриализация жылдары, тәуелсіздік дәуірі, Алматы мен Астананың құрылыс сәттері, елге еңбегі сіңген тұлғалардың бұрын-соңды жарияланбаған суреттері бар», деді ол.

Нағашыбек Алданның айтуынша, көрме – агенттік фототілшілерінің ғасыр бойғы еңбегін көрсететін бірегей жұмыс.

«Бұл бүгінгі күн үшін емес, келесі ұрпаққа аманат ретінде ұсынылып отыр», деп түйіндеді ол.

Kazinform агенттігінің продюсері Қаламқас Әбуова фотокөрменің мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, 105 жыл ішінде алғаш рет осындай ауқымды тарихи көрме ұйымдастырылып отыр.

«Бұл – мемлекеттің бізге деген көзқарасы ғана емес, өзіміздің болашағымызды ойлауымыз. Көрермендер архивтен алынған сирек суреттер арқылы ата-әжелерін, олардың сол кездегі өмірін, еңбек жолын көруі мүмкін. Бұл – ел тарихымен бірге өрілген Қазақпараттың да шежіресі», деді ол.

Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова «ҚазАқпарат» ұжымын 105 жылдық мерейтой аясындағы фотокөрменің ашылуымен құттықтады. Ол агенттіктің ғасырдан астам уақыт бойы елге шынайы әрі жедел ақпарат таратып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақпарат – жас мамандардан бастап ардагер журналистерге дейін барлығы үшін ыстық ұжым. Алғашқы фотоаппараттың пайда болғанына 200 жыл болса, Қазақпаратта 100 жылдан астам тарихты қамтитын фотосуреттер бар. Бұл – кез келген ақпарат құралында кездесе бермейтін ерекшелік», деді сенатор.