Үкімет ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтуға бағытталған жобаларды жеделдетуді тапсырды, деп жазады Egemen.kz.
Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау барысы талқыланды. Жиынға салалық министрліктердің және өңір әкімдіктерінің басшылары қатысты.
Министрлік мәліметіне сәйкес, су ресурстары және ирригация министрлігі тапсырыс беруші ретінде биыл 20 жобаны іске асыруда. Оның сегізін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 149 ауылдағы жағдай жақсарып, төрт елді мекеннің 1,5 мың тұрғыны алғаш рет орталықтандырылған суға қосылады. Сондай-ақ биыл 49 ауылға (40 мыңнан астам тұрғынға) су жүйесі тартылады.
Қазір Солтүстік Қазақстан, Алматы және Ақмола облыстарында тағы алты жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев атқарылған жұмыстардың қарқынын сынға алып, кейбір өңірлердің артта қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, жалпы ел бойынша 269 жоба қолға алынғанымен, бірқатары небәрі 50 пайыз ғана орындалған.
«Абай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында артта қалу байқалады. Абай облысында жеті жоба, оның ішінде Семейдегі үш нысан бойынша жұмыс әлі басталған жоқ. Алда екі айдан кейін суық түседі. Келер жылға өтетін жоба болмауы тиіс. Барлық нысан биылғы жылы толық тапсырылуы қажет. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда», деді Бозымбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет министрліктерге тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Ал әкімдіктерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етіп, биыл жоспарланған барлық нысанды уақытылы пайдалануға беруді міндеттеді.