• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:10

Тең мүмкіндіктерге бастар жол

30 рет
көрсетілді

Өзбекстанның Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерімен кездесті. Басқосуда Қазақстан мен Өзбекстандағы гендерлік теңдік, әйелдердің саяси және экономикалық белсенділігі, кәсіпкерлігі, заңнамалық реформалар мен екі ел арасындағы ынтымақтастық тақырыбындағы мәселелер көтерілді.

Жиынға Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төр­ағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова модераторлық етті.

– Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздік алғалы бері гендерлік теңдік тақырыбында тұрақты түрде тәжірибе алмасып, тиімді тәсілдерді енгізіп келеді. Кейінгі жылдары бұл саладағы саясат елеулі өзгерістерге ұшырап, гендерлік мәселелер тек саяси деңгейде емес, экономикалық және әлеуметтік саясаттың да маңызды бөлігіне айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтарын қорғау мен олардың көшбасшылық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Осындай диалог алаңдары тараптардың табысты тәжірибесімен бөлісуге және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жол ашады, – деді модератор.

Кездесуге Парламент мүшелері, бизнес қауымдастықтары және гендерлік теңдік саласындағы сарапшылармен қатар, еліміздің әр өңірінен әйелдердің құқығын қорғау, олардың қоғамдағы рөлін арттыру бағытында белсенді жұмыс істеп жүрген түрлі маңызды секторлардағы өкілдер қатысты. Алғаш болып сөз алған Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина әйелдердің саяси-экономикалық мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау мемлекеттің ұлттық дамуына тікелей ықпал ететін стратегияға айналғанын баса айтты.

– Қазақстанда да, Өзбекстанда да гендерлік теңдікке қатысты сая­сат мемлекеттік деңгейде дәйекті түрде кеңейіп, дамып келеді. Бұл – екі ел басшыларының саяси ерік-жігері мен өзара келісімінің айқын көрінісі. Елімізде 2022 жылы конституциялық реформа аясында Конституциялық сот пен адам құқықтары жөніндегі уәкіл (омбудсмен) институты қайта қалпына келтірілді. Бұл құрылымдар отан­дас­тарымыздың, соның ішінде әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүм­кіндіктерін қорғауға бағыт­талды. Міне, күні бүгінге дейін біраз тәжірибе жинақтап үлгердік. Конс­титуциялық сотта әйелдер мен ер­лердің тең құқықтары бойын­ша нақты істер қаралып жатыр. Сонымен қатар Парламентте әйелдер кәсіпкерлігі мен гендерлік тең­дікке қатысты мәселелер бел­сен­ді талқылануда. Өткен жылы Сенат төрағасының бастамасымен тұрақ­ты даму мақсаттары бойынша комиссия отырысында әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Өзбекстанда да осы бағытта белсенді реформалар жүріп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тәжірибе алмасу – бұл салада одан әрі дамуға мүмкіндік береді, – деді О.Перепечина.

Сондай-ақ Парламент Сенаты төрағасының орынбасары еліміздегі шағын және орта бизнестегі әйел­дердің үлесі осыдан 10 жыл бұрын 30% болса, бүгінде бұл көрсеткіш 49%-ға жеткеніне назар аударды.

– Бұл – кейінгі жылдары қабыл­данған заңнамалық өзгерістер­дің жемісі. Әйелдерге берілген заңды құқықтар нақты өмірде іске асуы үшін бірқатар сала бірлесе жұмыс істеу қажет. Негізі Орталық Азияда әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әлі де бірлесе шешуді қажет ететін мәселелер бар, – деді О.Перепечина.

Ал Т.Нарбаева алдымен Қазақ­станға жасаған сапарының ерекше маңызын атап өтіп, қазақ халқы­ның қонақжайлығына алғысын біл­дірді. Әрі екі ел арасындағы достық пен сенімді қарым-қатынастың жылдан-жылға нығайып келе жат­қанын тілге тиек етті.

– Әр жолы Қазақстанға келгені­мізде халықтың ыстық ықыласын, бауырмалдығын сезінеміз. Бұл қасиет – қазақ халқына да, өзбек халқына да ортақ. Біз қысқа уақыт ішінде көптеген кездесу өткіздік. Бұл іс-шаралар мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты барлық салада одан әрі күшейтеді. Құрметті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – өте білімді, сергек әрі іскер басшы. Уақытының тығыздығына қарамастан, Өзбекстаннан келген әріптестеріне уақыт тапты. Бұл – елдеріміздің арасында орныққан сенім мен достықтың айқын белгісі. II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттауы да – маған ғана емес, бүкіл Өзбекстан Парламентіне, халқымызға және Қазақстандағы әріптестеріме берілген бағалау деп білемін. Өйткені мұндай жетістік – тек бірлескен еңбектің нәтижесі. Бұл сенім бізді одан да көп жұмыс істеуге міндеттейді, – деді ол.

Өзбекстанның Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы сөз арасында әйел құқығы мен мүдделерін қам­тамасыз ету мәселесі барлық билік тармақтары мен қоғамның назарында болуға тиіс екенін айтып қалды.

– Әйелдер мәселесі – тек әйел қауымының проблемасы емес. Бұл – бүкіл қоғамның мәселесі. Әр мекеме, тіпті ерлер басым жұмыс істейтін ұйымдардың өзі әйелдердің құқықтарын қорғауға жауапты. Өйткені олардың да жары, қызы, анасы бар. Сондықтан гендерлік сая­сат барлық құрылымға енгізілуге тиіс. Бізге «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері туралы» және «Зорлық-зомбылық­тың алдын алу туралы» заңдарды қабыл­дау оңай болмады. Бір кездері мұндай заңдардың қажеті жоқ, Конституцияда бәрі көрсетілген деген пікірлер де айтылды. Бірақ тәжірибе нақты нормалар мен тетіктер керек екенін көрсетті. Дей тұрғанмен мен Сенат төрағасы болған соң, бұл заңдарды өткізуге мүмкіндік туды. Бүгінде біз оларды жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Т.Нарбаева.

Қадірлі мейман Қазақстанда да әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты маңызды қадамдар жасалып жатқанын айтып, екі ел басшыларының көзқарастарының ұқсастығына баса мән берді.

– Мемлекет басшыларымыз – өте заманауи әрі прогрессивті көз­қараста. Ең бастысы – бұл баста­ма­­лардың орындалуы. Сондық­тан біз заңнаманы жетілдіруді жал­ғас­­тырып, нақты нәтижеге ұм­ты­­луымыз қажет. Бізде ауылдық жер­­­лерде әйелдердің экономи­ка­лық белсен­ділігін арттыру үшін қол­жетім­ді қаржыландыру, кәсіптік даяр­лық, махалле деңгейінде қолдау көр­сету жүйелері жұмыс істеп жатыр. Меніңше, Қазақстан және Өзбек­стан осы бағыттағы тәжірибе алмасу­ларын кеңейтіп, бірлесе жұмыс істеуі керек. Ортақ бизнес форум­дар, жобалар, келісімдер арқылы шы­найы ықпалдастық қажет. Бұл сіз­дердегі әйелдердің эко­но­мика­лық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің әлеуетін да­мытуға сеп болады, – деп сөзін тү­йін­деді Өзбекстанның Олий Мәжі­л­ісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева.

Әрі қарай Президент кеңесшісі Әсел Жанасова сөз алып, бұл диалог алаңы екі елдің дамуы үшін тиімді, мағыналы бастамалардың іргетасы болатынын еске салды.

– Жақында ғана қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мерейтойын атап өттік. Абай Құнанбай­ұлы «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты еңбегінде моңғол билеушілері мен Шайбани хан арасындағы өзара қарым-қаты­нас әрекеттерін келтіреді, онда қазақтардың өз іс-әрекетін өзбек­термен туыстық байланыстарымен негіздеп және өз ұстанымын «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деген сөздермен білдіре отырып, оны қалай қолдағанын және оның жағына ауысқанын айтады. Ұлы Абай өз еңбегінде бұл сөздің қазақ­тар арасында нақыл сөз ретінде қалып­тасып кеткеніне назар аудартады. Әрі шынайы бауырластық пен ұлттық достықтың мәні тереңде екенін айтады. Бүгінде мен туризм, логистика және транспорт салаларына жауаптымын. Әрбір турист елге келгенде қандай қызмет, қандай мүмкіндік күтетінін зерттеймін. Мысалы, Қазақстанға келген турист әрі қарай Өзбекстанға барады немесе керісінше. Сондықтан біздің аймақтарға келген саяхатшыларға не ұсынуымыз керек, осы бағытта бірлескен жұмыс жүргізу қажет, – деді Әсел Жанасова.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әйелдердің басым бөлігі баспана алу үшін кемі 6 жыл жүретінін айтты. Сондай-ақ ол балаларға арналған мүмкіндіктерді де сөз етті.

– Балаларға арналған жинақ шоттарын енгіздік. Бұл жүйе бала­ның дүниеге келгенде оны тіркеумен қатар, бастапқы жинақты жылдам ашып алуға мүмкіндік береді. Бізде он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған тұрғын үй жинақ шоттары бар, бұл – ұзақмерзімді перспектива. Биылдан бастап біз тұрғын үйге ғана емес, білімге де назар аудыра бастадық. Тұрғын үй уақытымен өз құнын жоғалтуы мүмкін, ал білім жыл өткен сайын баға жетпес құн болып қала береді. Сондықтан біз білім беру жинақ шоттарын да енгіздік. Оған жылдық 14% үстеме қосылады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін үстеме 7%, барлық бала үшін қосымша 5% қосылады. Бұл – баланың болашағына құнды инвестиция. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен «Келешек» бағдарламасы іске қосылды, – деді Л.Ибрагимова.

Әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және заңнаманы жетілдіру – Қазақстан мен Өзбекстан үшін ортақ күн тәртібіндегі мәселе. Ұлт­тық комиссиялар алаңында да іске асып жатқан мемлекетаралық ын­ты­мақтастық форматы өзара тәжі­­рибе алмасуға, кедергілерді бірге талдауға және қағаз жүзінде емес, нақты іске асатын шешімдер әзірлеуге арналған маңызды құрал­ға айналып отыр.