• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме 20 Тамыз, 2025

Жазушы өмірінен сыр шертеді

30 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық музейде әлемге танымал классик жазушы, философ әрі публицист Ф.М. Достоевскийдің өмірі мен шығарма­шылығына арналған «Бұл көшелер­де оның ізі қалған...» атты көрме ашылды. Онда Семей қаласындағы суреткердің әдеби-мемориалдық музейінен әкелінген құнды жәді­герлер ұсынылды.

Мәдени іс-шараның ашылуында Пре­зидент Әкім­ші­лігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы сек­торының меңгерушісі Қайрат Баймолдинов орыстың аса көрнекті қаламгерінің өмір жолында қазақ жерінің, соның ішінде Семейдің алар орны айрықша екенін жеткізді.

«Ол Семей топырағында бес жылға жуық уақыт өмір сү­ріп, жергілікті халық­пен ара­ласып, Шығыс мәдение­тіне үңілді.Сондай-ақ Дос­тоевскийдің Шоқан Уәлиха­новпен достығы – тарихтағы шынайы рухани үндестіктің жарқын үлгісі. Шоқан Шығыс пен Батыстың мәдени құнды­лықтарын бойына сіңірген білімге құштар жас болса, Достоевский адам жанының терең қатпарларын ашқан ойшыл жазушы болды», деді ол.

Содан кейін сөз алған Мә­дениет және ақпарат ми­нистрлігі Мәдениет коми­тетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, Ресей Федерациясының Қазақ­стандағы Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров, Се­мейдегі Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінің директоры Ирина Соловьё­ва, тағы басқа да азаматтар мазмұнды шараның ерекше­лігіне тоқталды.

Көрмеге жазушының Се­мей қаласында 1854–1859 жыл­дары тұрған кезеңін қам­тыған жәдігерлер қойылды. Дәлірек айтқанда, XIX ғасырдың екін­ші жартысындағы Се­мей қа­ласы бейнеленген фотосуреттер мен ашықхаттар және М.М.Беляевтың, Г.Б.Гера­си­мов­тың «Ескі Семей» жина­ғы­­на салған иллюстрациялары ­мен көне тұрмыстық бұйым­дар сол кезеңдегі уа­қыт тынысын сезіндірді. Сон­дай-ақ Достоевскийдің алғашқы әске­ри қызметі туралы баяндайтын фотосуреттер мен құжат көшірмелері, жазушының екі­томдық хат­тары да көрнекі жерден орын алған. Әсіресе келген қонақ­тар Федор Дос­тоевский мен Шоқан Уәлихановтың шынайы дос­тығын сипаттайтын бағалы дү­ниелерге ерекше назар аудар­ды. Мәселен, 1859 жыл­дың көктемінде Лейбин фотосалонында Ф.Достоевский мен Ш.Уәлихановтың түскен суреті қос тұлғаның аяулы бейнесін көз алдымызға әкел­ді. Шоқанның шығармалар жинағы мен құжаттары да тарих қойнауынан сыр шер­тіп тұр-ды. Сонымен қатар барон Врангельдің естеліктер кітабы, М.Д.Исаеваның фото­суреті, Белихов батальоны ко­ман­диріне жолданған Дос­тоевскийдің рапорты, тұр­мыс­тық заттар мен әйел­дер­­­­ге ар­налған аксессуарлар да ке­лушілерді қатты қызықтырды.

Достоевский әдеби-мемо­риал­дық музейінің қызметкері Сана Сәрсембекованың айтуынша, бұл мұражай 1971 жылы ашылған. Алдымен ол жа­зушы атындағы кітапхана болған. Ал негізі Семейдегі Дос­тоевскийдің тұрған үйі ХІХ ғасырда салынған. Бұл үйде сол кезде Шоқан Уәлиханов, Се­ме­нов-Тян-Шанский секілді ай­­т­улы тұлғалар қонақта бол­ған. Келесі жылы музейдің ашыл­ғанына елу бес жыл толады.