Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын жүзеге асыру бойынша Цифрлық штаб отырысын өткізді.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады. Жиынның қорытындысында Цифрлық штабтың шешімімен, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары мен жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді.
Сондай-ақ Smart Data Ukimet мемлекеттік деректерді біріктіру бойынша жұмыстарын аяқтаудың мерзімдері анықталды. Жаңа хэштеу әдісін қолданатын интеграция алдағы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек, ал барлық дерек осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға берілуге тиіс. Оған қоса 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшуі керек.
Премьер-министр қабылданған құжаттарды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңыздылығын айтты.
«Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуға тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінде Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсарту мен мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», деді Олжас Бектенов.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары негізінде 224 ақпараттық құрамдас алаң құрылады. Бұл интеграция үшін еңбек шығындарын азайтуға, функционалдық және статистикалық айырмашылықтар тұрғысынан ақпараттық жүйелердің қайталану мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде «электрондық үкімет» аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 355-тен астам ақпараттық жүйелері мен веб-ресурстары жұмыс істейді.
Жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу ережесі мен оны жүзеге асыру жоспары бекітілді. Құжат ЖИ технологияларын дамыту үшін деректер қорын қалыптастыру мәселесін қарастырады. Бұл ережелер ақпаратты жинау, тексеру және құрылымдаудың бірыңғай стандарттарын қарастырады.
Smart Data Ukimet платформасында мемлекеттік дербестендірілмеген деректерді топтау бойынша жұмыс шеңберінде Smart Data Ukimet-ке міндетті түрде көшіруге жататын деректер базаларының тізімі бекітілді.
Жиында AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі қаралды. Оның қанатқақты жұмысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көрсетілді, енді аталған қызмет мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына енгізіледі.