• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:07

Мейірімді молайтатын акция

20 рет
көрсетілді

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде «Мектепке жол» акциясы өтеді. Білім әлеміне беттеген оқушының мұқтажы болса, оның кем-кетігін толтыруға мемлекет те, жеке адамдар да атсалысады. Бұл игі іс Ақжайық өңірінде де ұйымшылдықпен өтіп жатыр.

Аталған акцияның мақ­саты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шық­қан оқушыларға, жетім бала­лар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған бала­ларға оқу жылының баста­луына дайындық кезінде кө­мек көрсету. Негізі Үкі­мет­тің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы негізінде жергілікті бюджет есебінен құрылған Жалпыға бірдей білім беру қоры бар. Осы қордан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы балаларына, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы төмен отбасы балаларына, қамқоршы қолында тұратын жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған балаларға, төтенше жағ­дай салдарынан шұғыл жәрдем­ді талап ететін отбасы балаларына және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындаған өзге де санаттарға қаржылай көмек беріледі.

– Биыл Батыс Қазақ­стан облысы бойынша жал­пыға бірдей білім беру қоры­нан оқушыларға кеңсе тауар­ларын, мектеп формасын, спорттық киім, аяқ киім, т.б. заттарды сатып алуға 434,0 млн теңге қаражат қарас­ты­рылды. Қазірге дейін 1991 оқу­шыға жалпы сомасы 92,0 млн теңге көлеміндегі қаражат ата-аналардың карт-шоттарына аударыл­ды. Яғни әр оқушыға 46 228 теңге көлемінде ақша­лай көмек көрсетілді, – дейді Об­лыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақыт­ша атқарушы Ақжарқын Темірханова.

Былтыр Батыс Қазақстан облысы су тасқынынан көп зардап шекті. Бірақ 2024 жылы «Мектепке жол» акция­сы аясында су тасқынынан зардап шеккен отбасы балаларына көмек те көп болыпты. Мәселен, «Jelken foundation» қоғамдық қоры, «Freedom Holding Corp» компаниясы жәр­демге киім және оқу құрал­дарын берген. «Игілік-Ме­рей» қоғамдық қоры Бәйте­рек ауданы білім беру бөлі­мі­нің «Чеботарев «мектеп-бөбек­жай-балабақша» кеше­ні­не» оқушыларды тасымалдау үшін «ПАЗ» автобусын сыйлаған.

Білім басқармасы өңір­де­гі барлық ауқатты азаматты, кәсіпкерді, шаруа қожа­­лығы иелерін осы бір қайы­рым­ды­лық іс-шарасына атсалысуға шақырып, үндеу жариялады. Бұл игі бастаманы бірден қолдап кеткендер де бар.

– Біз «Мектепке жол» ак­ция­­­­сына жыл сайын қаты­са­­­­мыз. Биыл да Теректі ауда­­­­­­ны­­­ның Сарыөмір және Аңқаты ауылдық округіне, Сырым ауданының Тоғанас және Алғабас ауылдық окру­гі­не әрқай­сысына 150 мың теңге, барлығы 600 мың теңге қаражат беріп отырмыз. Атал­ған әр ауыл­дың аз қам­­тыл­ған 5 оқу­шысы 30 мың теңгеге мектепке қажет заттарын алады. Бұл оқушыларды ауыл әкімдігі өздері таңдайды, – дейді «Дәдем ата-Жұмағазы хазірет» қорының басшысы Ғарифолла Жанбозов. 

«Мектепке жол» акциясы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

 

Батыс Қазақстан облысы