«Өткен күннен белгі бар» депті бұрынғылар. Сол сияқты «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылы 18 мамыр күнгі санында тың дерекке толы һәм батыл көзқарас ұстанған «Қазақ халқының құрылу тарихы» атты жазба жарияланыпты. Бұндағы мәліметтер қазірдің өзінде құнды.
Мақала авторы – Халел Әділгереев (1906–1974) деген тарихшы. Бұл тұлға қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының кандидаты һәм Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Офицерлік шені – майор. Соғыстан кейінгі жылдары ғалым Ермұхан Бекмахановты қолдағаны үшін саяси қуғынға ұшырайды.
Газеттегі жазбаға тоқталар болсақ, автор Х ғасырда өмір сүрген тарихшы Мақсудидың «Алтын тоғай» атты кітабында жазылған деректерді алға тартады. Онда Ежелгі Оғыз мемлекетінің құрылымы үш ордаға (үш жүз) бөлініп басқарылғаны туралы дәлел келтіреді әрі шығыстанушы ғалым Радловтың «ғұз» бен «жүз» бір ұғым деген тұжырымын қолдайды.
Одан кейін Жошы ұлысын зерттеген тарихшы Вассафтың еңбегіне сүйеніп аталған ұлыс құрамы: сақсын, қыпшақ, хорезм, бұлғар, қырым, үкек т.б. ірі тайпалардан құралғаны туралы жазады. Осылардың ішінде «қыпшақ» тайпасына арнайы тоқталып: «Қыпшақтардың мекен еткен жері Еділден шығысқа қарай созылып жатыр. Осындағы империя құрған қыпшақ-түркі тұқымдарын ХІІ ғасырда моңғолдар жаулап алып, олар Жошының ұлысына қарап қалды. Яғни Жошы ұлысы негізінде қалыптасқан моңғол үстемдігі, біріншіден, саяси күш болып топталған қыпшақтарды ығыстырды. Екіншіден, бұл халықтың тұқым, ру жағында өзгерістер болды. Моңғолдар жаулап алғаннан кейін қазақ арасына моңғол рулары еніп кетті», деп жазады.
Көптеген тарихшы Жошы ұлысын Шыңғыс қаған құрған Моңғол империясының батыс бөлігі деп таниды. Шын мәнінде, Жошы ұлысының этностық құрамы қыпшақтар екені анық. Ал тарихшы болса Ибн Нуралла Еломаридің (1299–1349) «Түрлі мемлекеттер тарихына шолу жолдары» атты жазбасында: «Алтын Орда бұрынғы қыпшақ елі. Моңғол жаулап алғаннан кейін қыпшақтар соларға бағынды. Мұнан кейін жаулаушы моңғолдар қыпшақтармен араласып, туыстасып кетті. Осының әсері моңғолдардың тегіне, расасына біткен сипаттарын жойып жіберді, олардың бәрі бір рудан таралған адамдай, дәлме-дәл қыпшақтар сияқты болып кетті», деген пайымын алға тартады.