Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында Момынов көшесінде теміржол үстінен жаңа автокөлік өткелі бой көтеріп жатыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы нысан басында болып, құрылыс барысын көрді. Ол бұл жоба қаладағы қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, кептелістерді азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Төрт жолақты өткелде жаяу жүргіншілерге арналған жолақ пен бағдаршамдар орнату көзделген. Құрылыс 2024 жылғы қарашада басталған, қазіргі таңда нысанның 50 пайызы дайын. Мердігер ұйымның дерегінше, жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатыр.
«Шымкент – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Оның жол желісі жаңғыртуды қажет етеді. Бұл өткел «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр және ол – сайлаушыларға берген нақты уәделеріміздің бірі. Мен осы жобаның бағдарламаға енуіне бастамашы болып, қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Қазір құрылыс жұмыстары сәтті жүріп жатыр, оны өзім жеке бақылауда ұстаймын», деді Болатбек Нажметдинұлы.
Сонымен бірге, Тіленшин көшесінде де осыған ұқсас жол өткелінің құрылысы басталған. Оның әзірлігі – 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл жобалар қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуге және негізгі магистральдердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Шымкентте жол желісін жаңарту қарқыны жоғары. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 75 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық күйде болса, биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланған. 2026 жылға қарай ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 850 көшеге толық асфальт төселеді. Оның ішінде 540 шақырымы биыл іске асырылмақ. Сондай-ақ 2025 жылы қалада 32 жаңа бағдаршам орнатылып, жол белгілері жаңартылады, реттелмейтін өткелдердің басым бөлігі жарықтандырылады.
Депутаттың өңірге сапары аясындағы сайлаушылармен кездесулері кеше басталды. Ол бірқатар министрліктердің өкілдерімен бірге әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, тұрғындарды жеке қабылдауды жоспарлап отыр.