Ақ үйдің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин 15 тамыз күні Аляскада жүздеседі. БАҚ-та жарияланған кестеге сәйкес, кездесу жергілікті уақытпен сағат 11:00-де (Астана уақытымен 00:00) басталады. Бұл – Ресейдің Украинаға кең ауқымды шабуылынан кейінгі екі ел көшбасшыларының алғашқы бетпе-бет кездесуі болмақ, деп жазады Egemen.kz.
Саммит Анкоридж қаласындағы Элмендорф-Ричардсон әскери-әуе базасында өтеді. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың хабарлауынша, келіссөздер алдымен аудармашылардың көмегімен екіжақты форматта басталып, кейін делегациялар құрамында жалғасады. Одан соң жұмыс таңғы асы жоспарланған.
Ресей делегациясында сыртқы істер министрі Сергей Лавров, қорғаныс министрі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов, президент көмекшісі Юрий Ушаков және шетелдік инвестициялар мен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Кирилл Дмитриев бар.
Кездесу қорытындысында екі президент бірлескен баспасөз мәслихатын өткізеді. Негізгі талқылау тақырыбы – Украинадағы жағдайды реттеу. Бұл ретте 6 тамызда Кремльде АҚШ арнайы өкілі Стивен Уиткофф қатысқан келіссөздер нәтижесі де ескерілмек.
Сонымен қатар, тараптар бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, екіжақты өзара іс-қимыл және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қарастыруы мүмкін.