Алматыдағы «Мұхтар Әуезов атындағы театр» метро станциясында Яндекс Книгиде қолжетімді қазақ классиктерінің кітаптарына арналған мұқабалардан құралған инсталляция пайда болды. Осылайша жас суретшілер танымал әдеби шығармаларды визуалды тұрғыда жаңаша қырынан ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Шығармаларына жаңа визуалды интерпретация берілген жазушылар, ақындар мен ойшылдардың қатарында – Ақан сері Қорамсаұлы, Базар жырау Оңдасұлы, Баубек Бұлқышев, Бейімбет Майлин, Біржан сал, Бернияз Күлеев, Жамбыл Жабаев, Ілияс Жансүгіров, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Махамбет Өтемісұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұстафа Шоқай, Сәбит Мұқанов, Сайын Мұратбеков, Саттар Ерубаев, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Сүйінбай Аронұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шал Құлекеұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Шортанбай Қанайұлы, Ыбырай Алтынсарин бар.
Классикалық шығармаларға жаңа визуалды келбет беру идеясы «Tanda Bilim» жобасының авторы Жәнібек Мағауияұлына тиесілі. Ол кейбір электронды кітаптарда көркем визуалдың жеткіліксіз екенін байқаған.
Сонымен қатар, бұл қадам Қазақстанның әдеби мұрасына назар аудартуға, оны кең аудитория үшін қолжетімді әрі қызықты етуге көмектеседі.
«Біз үшін бұл – Қазақстан мәдениетіне деген сүйіспеншілігімізді білдірудің, қазақ әдебиеті мен өнерін насихаттауға үлес қосудың тамаша мүмкіндігі. Жұмыстарымыз жаңа оқырмандарды тартуға көмектесетініне қуаныштымыз», – дейді ол.
Жобаға бірнеше өзге суретшілер қосылып, танымал кітаптарға өздерінің көркем интерпретациясын ұсынды. Олардың қатарында – Жәнібек Мағауияұлы, Мария Ильницкая, Әмірбек Дінмұхаммед, Анелия Бекбасова, Алина Ковылева, Ерназ Рамазанов, Сәуле Бекен, Адиль Шакиров, Әпеева Қаракөз, Қайрулла Дінмұхамед бар.
Бұл қазақстандық әдебиеттің заманауи әрі өзекті, тереңдігі мен дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманмен үндесе алатынын айқын көрсетеді.
Инсталляция 2025 жылғы 12 тамыздан 6 қыркүйекке дейін «Мұхтар Әуезов атындағы театр» метро станциясында ашық болады. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтары үшін қазақ авторларының шығармаларымен заманауи өнер призмасы арқылы танысуға тамаша мүмкіндік.