Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық Тамыз конференциясына қатысты. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналған жиында озық тәжірибені меңгеріп, ел болмысына бейімдеудің маңыздылығын айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті», деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұстаздардың балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгеру керектігін айтты.
«Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн.Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі, білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін», деді Қасым-жомарт Тоқаев.
Бұған қоса, Президент қала және ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіруді маңызды міндет ретінде атады.
«Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі – бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы», деді Мемлекет басшысы.