Сандықтау ауданының Максимовка ауылында 2025 жылғы егін жинау науқанына дайындық бойынша облыстық агрокеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Күз жиын-терін уақыты. Жерде өскен дәнді жерде қалдырмауға тырысқан облыс диқандары қауырт қимыл үстінде. Әдетте жауапты науқан алдында іс-қимыл барысын екшеп, қолда бар күшті таразылап, жалпақ жұртты ырыздық жорығына жұмылдыруға әрекет етіледі. Таяуда астықты өңірде ауқымды агрокеңес өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан төрағалық еткен жиынға 300-ден астам диқандар, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Мұрат Балпан биылғы науқанның басты міндеті – жұмыстарды ұйымдасқан түрде, қысқа мерзімде және шығынсыз өткізіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, облыстың жалпы егіс алқабы 5,5 миллион гектарды құрайды, оның 495 мың гектары – майлы дақылдар, бұл рекордтық көрсеткіш. Жинауға шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн қатысады, олардың үштен екісі – заманауи, жоғары өнімді техника.
Жыл басынан бері облыс диқандар шамамен 40 миллиард теңгеге 1,1 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. АӨК-ке мемлекеттік қолдау көлемі 233,5 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 63,3 миллиард теңге – қайтарымсыз субсидиялар. Қалған қаржы жеңілдетілген несиелеуге және форвардтық сатып алуға бағытталды.
«Қазгидромет» филиалының мәліметінше, тамыз-қыркүйек айларында ауа температурасы норма шегінде, жауын-шашын мөлшері нормаға жуық немесе төмен болады. Көптеген аудандарда жаздық бидайдың өнімділігі көпжылдық орташа көрсеткіш деңгейінде күтілуде, ал Бұланды, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында орташа көрсеткіштен жоғары болады деп болжанды.
Ақмола облысы