• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:55

Қарағандыда HOWO жүк көлігі құрастырылады

10 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік құрас­­тыру саласын дамы­ту қажет­тігін үнемі на­зарда ұстап келе­ді. Үкімет бұл бағыт­қа жан-жақты қол­дау көрсетіп отыр. Мы­салы, күні бүгін­ге дейін автобус құрас­­тырып келген Қара­ған­дыда енді жүк көлік­тері де шығарылатын болды.

Мемлекет басшысы Үкіметтің ке­ңей­­тілген отырысында «Жаңа өнді­рістер ашып, қосылған құны жоғары тауар­лар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн. Жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керек. Мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттыру қажет», деген еді.

Елімізде коммерциялық және арнайы техника өн­діретін бірлескен кәсіпорын құрылды. Кәсіпорын Қы­тайдың «Sinotruk» компа­ниясының еліміздегі «Saran Machinery» компаниясымен бірлесуі нәтижесінде іске қосылады. Жоба Үкімет және Қарағанды об­лысы әкімдігінің қол­дауы­мен өнеркәсіптік ынты­мақтастықты дамыту аясында жүзеге асырылады. Өндірістің жылдық қуаты 10 000 техниканы, оның ішінде HOWO маркалы жүк көліктерін шығаруды жос­парлап отыр. Осылайша, Саран қаласында Қарағанды облысының өнер­­кәсіптік әлеуетін арттыратын жаңа зауыт бой көтеріп, HOWO маркалы жүк көлігі және арнайы техника құ­­рас­­тырылады. Бү­гінде жаңа зауыттың құрылыс жұмыс­тары басталып кетті.

Серіктестік туралы ке­лісімге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ро­ман Склярдың қатысуымен Астанада қол қойылған болатын. Жоба сәтімен жүзеге асса, елдегі коммерция­лық техника өндірісі жаңа дең­гейге көтерілмек. Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс алаңы­на барып, зауыттың құрылтай­шы­ларымен кездесіп, құ­рылыс жұмысын бақылап қайт­ты. Өңір басшысы бұл жоба­ның өңір экономикасы мен ел өнеркәсібінің дамуына қосар үлесі зор екенін айтып отыр.

– Бұл – Қытай компания­сымен ынтымақтастықтың ірі қадамы. HOWO маркалы техникаға деген нарықтағы сұраныс жоғары. Жергілікті атқарушы билік ретінде бұл іске тікелей араласып отырмыз. Жобаның мер­зімінде әрі сапалы жүзеге асуы үшін барынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл жоба мыңға жуық жұмыс орнын құрып, заманауи техно­логиялардың енгізілуіне және өңірдің өнеркәсіптік дамуына ықпал етеді. Зауытта жылына 10 мыңға дейін техника шығару жоспарлануда. Мұнда шанақты коррозиядан қорғайтын және машиналардың қызмет ету мерзімін ұзартатын металды катафорездік өңдеудің еліміздегі алғашқы желісі орнатылады. Жаңа зауыт Қа­рағанды облысының өнер­кәсіптік әлеуетінің тағы бір рәмізіне айналады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Мамандардың айтуын­­ша, металды катафорездік өң­­деу желісі технологиясы кө­лік шанақтарын тозудан сенім­ді қорғап, қызмет мерзімін айтарлықтай ұзартады. Жоба жетекшісі Станислав Лидің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңында аяқталуға тиіс. Толық өндірістік циклге арналған жабдыққа тапсырыс берілген. Өндіріс желісін іске қосу желтоқсан айына жоспарланыпты. Келесі жылы шамамен 2 000 техника шығарылып, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғая бермек.

Зауытқа қажетті жаб­дықтар 2025–2026 жылдары «Өнеркәсіпті дамыту қорының» қолдауымен жет­кізіледі. Алғашқы партия – шасси мен кабина құ­рас­тыруға арналған жаб­дық­тар биыл қазанда ке­леді. Келер жылдың екін­ші тоқ­санында бояу және дәне­керлеу цехтарына арнал­ған кешенді қондыр­ғылар орнатылады.

 

Қарағанды облысы